Алматы облысында Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай салтанатты құттықтау шарасы өтті. Өңір басшысы Марат Сұлтанғазиев журналистер қауымын кәсіби мерекемен құттықтап, олардың қоғамдағы рөлінің маңызын атап өтті.
«Тарихы терең, табиғаты көркем Алматы облысына қош келдіңіздер! Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын! Қолға қалам алып, қашанда ақиқаттың ақ туын желбіретіп, жаңалықтың жаршысы болып жүресіздер. Осы ел үшін еткен еңбектеріңіз еселене берсін», – деді облыс әкімі өз сөзінде.
Мерекелік іс-шара барысында өңірде медиа саласын дамытуға бағытталған бірқатар бастамаларға да тоқталды. Атап айтқанда, Алматы облысында Нью-Йорк киноакадемиясының филиалы ашылып, әлемдік деңгейдегі кинопавильон құрылысы жүргізіліп жатқаны айтылды. Бұл қадамдар өңірдің шығармашылық индустриясын дамытуға серпін бермек.
Сонымен қатар, биылдан бастап журналистер үшін әлеуметтік қолдау шаралары кеңейтілді. Атап айтқанда, «Алатау» өңірлік ипотекалық бағдарламасына «Бұқаралық ақпарат құралдары» санаты енгізіліп, енді облыстағы журналистер осы мүмкіндікке қатыса алады.
Өңір басшысы сондай-ақ журналистиканы қолдау және медиа саласының үздіктерін ынталандыру мақсатында жыл сайын ұйымдастырылатын «Самғау» медиа сыйлығы туралы да айтты. Биыл да жыл соңында үздік жұмыстар анықталады.
«Осы жолы «Таза Қазақстан», «Заң мен тәртіп» тақырыптарында жазылған үздік мақала, телесюжет және бейнероликтерге басымдық беріледі. Сонымен қатар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын кеңінен насихаттауға атсалысқан журналистер де назардан тыс қалмайды. Баршаңызды «Самғау» медиа сыйлығына қатысуға шақырамын», – деді әкім.
Сөз соңында Марат Сұлтанғазиев журналистер қауымын кәсіби мерекемен тағы да құттықтап, оларға шығармашылық табыс тіледі.
«Құрметті журналистер қауымы! Төл мерекелеріңіз құтты болсын! Халық пен биліктің арасында алтын көпір болып жүре беріңіздер. Сіздерге шығармашылық шабыт, сарқылмас күш-қуат және жағымды жаңалықтарыңыз көп болсын деп тілеймін», – деді ол.




