Ақмола облысында әйелдің өліміне байланысты іс қоғамда қызу талқылануда. Марқұмның туыстары оның бұрынғы сүйіктісі тарапынан қатыгездікпен соққыға жығылып, соның салдарынан көз жұмғанын айтып отыр. Олар істің әділ тергелуін талап етуде.
Щучинск қаласының тұрғыны Threads әлеуметтік желісінде жазба жариялап, сіңлісі Әсемнің өліміне қоғам назарын аударуға шақырды. Оның айтуынша, әйел бұған дейін Алмаз М. есімді азаматпен қарым-қатынаста болған. Алайда өткен күзде оның агрессивті мінез-құлқына байланысты арадағы байланысты үзген.
Марқұмның жақындарының сөзінше, ер адам мұнымен келіспей, әйелді ұзақ уақыт бойы мазалауын тоқтатпаған.
«Ол түрлі нөмірлерден қоңырау шалып, аңдып жүрген. Тіпті жұмыс орнының маңында күтіп алатын», – дейді туыстары.
Оқиға 9 маусым күні болған. Жақындарының айтуынша, бірнеше күн бұрын Әсем бұрынғы танысымен кездесуге келіскен. Кейін ер адам оны жалдамалы пәтерге алып барған. Отбасы мүшелері дәл сол жерде әйелдің бірнеше сағат бойы соққыға жығылғанын алға тартады.
Олардың мәліметінше, күдікті әйелдің ауыр хәлде жатқанын көрсе де, бірден жедел жәрдем шақырмаған. Оның орнына пәтердегі және әйелдің денесіндегі қан іздерін жоюға әрекет жасаған.
«Әсемнің өмірін сақтап қалуға болатын уақыт жоғалды. Кейін ғана жедел жәрдем шақырып, дәрігерлерге оның батареяға соғылғанын айтқан. Бірақ біз бұған сенбейміз», – дейді марқұмның туыстары.
Жақындарының айтуынша, әйелдің бірнеше қабырғасы сынған, бауыры зақымданған, денесі мен бетінде көптеген жарақат пен көгерген іздер болған.
Қазіргі таңда отбасы күдіктіге тағылған айыппен келіспейтінін мәлімдеді. Олар істің толық әрі объективті тергелуін талап етіп отыр.
«Бұл істің жабылып қалмауын және кінәлі адамның жауапкершіліктен жалтармауын қалаймыз. Сондықтан қоғам назарын аудару маңызды», – дейді марқұмның жақындары.
Әсемнің артында алты және сегіз жастағы екі баласы қалған. Туыстарының айтуынша, балалар бұған дейін әкесінен айырылған, енді анасынан да айырылып отыр.
Осыған байланысты отбасы қазақстандықтардан істің әділ қаралуына қолдау көрсетіп, ақпаратты кеңінен таратуға көмектесуді сұрады.
Ал Ақмола облысы Полиция департаменті аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Ведомствоның мәліметінше, жанжал барысында ер адам әйелге дене жарақатын келтірген, кейін жәбірленуші алған жарақаттарынан көз жұмған.
Полиция күдіктінің ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалғанын мәлімдеді.
«Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу амалдары жүргізілуде», – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.




