Марқұм саясаткер Заманбек Нұрқаділов-тің немересі Нұрбибі Нұрқаділова Threads әлеуметтік желісінде әкесі Қайрат Заманбекұлы туралы жазба жариялап, отбасының қазіргі жағдайына тоқталды. Оның айтуынша, бұрын әкесі айналасында көп адам болғанымен, бүгінде солардың көбі байланыс үзген, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
Нұрбибі әкесі 59 жасында жұмыс іздеп жүргенін айтып, бұл жағдайға алаңдаушылық білдірді. Ол кезінде әкесіне жақын болған кей адамдардың қазір көмектесуден бас тартып отырғанын жеткізді.
Жазбада ол былай деп жазды:
«Кілең бас тарту, елемеу және менсінбеу. Атам тірі кезде, әкем бәріне керек еді, ал бүгін өмір оны жол жиегіне ысырып тастағаны өкінішті. Бүгін әкеммен тағы кездестім. Тағы да атамның әрекеттері оған, бізге қалай әсер еткені туралы сөйлестік. Оның көңілі қалған, үміті үзілген жанарын тағы көрдім. Тағы да бұған қатысы барлардың бәріне ашуландым. Әлі күнге дейін бұл фамилия иығымызға ауыр жүк болып тұр. Өкінішті», – деді ол.
Желі қолданушылары бұл жазбаға түрлі пікір қалдырды. Бір бөлігі оны қолдаса, енді бірі әр адамның мансабы өз еңбегімен қалыптасуы керек деген ой білдірді.
Осы пікірлерге жауап ретінде Нұрбибі:
«Әкеме мансап жасауға ешкім мүмкіндік берген жоқ. Әлі күнге дейін мүмкіндік бермей отыр», – деп жазды.
Еске салайық, Қайрат Нұрқаділов – саясаткер және қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділов-тің ұлы. Ал Мақпал Жүнісова 2026 жылы Мемлекет басшысының қолынан ІІ дәрежелі «Барыс» орденін алған болатын.




