"Президент тек мемлекеттік опасыздық үшін ғана жауап береді. Ал сыбайлас жемқорлық, билікті асыра пайдалану, заңсыз жарлықтар сияқты әрекеттер оны қызметінен кетіруге негіз бола алмайды. Оны жауапқа тарту процедурасы іс жүзінде мүмкін емес, себебі бұл үшін депутаттардың басым көпшілігінің дауысы, бірнеше соттың қорытындысы керек. Бұл – президентке құқықтық жауапкершіліктен қорғайтын көпқабатты темірдей кепілдік", – дейді саясаткер.Жобадағы тағы бір даулы мәселе – Құрылтай мен сайланбайтын Халық кеңесі. Момынқұлов бұл органдар халық өкілдігін қағаз жүзінде кеңейткенімен, іс жүзінде сайлау арқылы қалыптасатын саясатты шектейтін «элиталық сүзгі» рөлін атқаруы мүмкін деп санайды. Сонымен қатар қоғамды «арнайы құқықтық режим» енгізу мүмкіндігі де алаңдатып отыр. Көпшілік мұны тікелей жер мәселесімен байланыстырады. Саясаткердің айтуынша, жер – қазақ үшін жай ғана ресурс емес, ұлттық егемендіктің рәмізі. Бұл мәселенің Конституциядан алынып, заң деңгейіне түсірілуі қоғамдық сенімге нұқсан келтіреді. Жобада азаматтардың міндеттері нақтыланғанымен, билік пен шенеуніктердің жауапкершілігі бұлыңғыр күйде қалған. Бұл саяси жүйедегі теңсіздікті көрсетеді: азамат міндетті, ал биліктің жауапкершілігі анық емес.
"Тіл мәселесінің өзгеріссіз қалуы – үлкен тәуекел. 30 жыл бұрынғы жағдайда қабылданған нормалар бүгінгі демографияға сәйкес келмейді. Егер қазақ тілі алдағы 7-10 жылда толыққанды мемлекеттік тілге айналмаса, бұл үлкен проблема туғызуы мүмкін. Конституциялық мәртебе мен күнделікті тәжірибе арасындағы алшақтық қоғамда «когнитивті ажырау» қалыптастырады", – деп ескертеді саясаткер.Сондай-ақ ол дін туралы түзетулер радикализммен күресуге бағытталғанымен, оның дінге қарсы «қызыл науқанға» айналып кетпеуінің маңызды екенін атап өтті. Саясаткердің сөзінше, соңғы жылдары ақпараттық шабуылдар арқылы қазақтілді қоғамда «діни жік» пайда болып, бұл ұлттың рухани бірлігін әлсіреткен.
“Депутат Бапи Дугиннің соңғы мәлімдемесін төндіріп айтыпты. Оған сенсек, бұл геосаяси белгісіздік жағдайында мемлекет үстемдігін қайта бекітуге талпыныс сияқты. “Байтал түгіл, бас қайғы заман” деп билікті тұрақтандыруға бағытталған қадам ба? Әлде бұл – жүйелі түрде билікті нығайтып, президенттік вертикальды тағы да қатайтып бекіту ме? Сонда билік иерархиясы айқынырақ болып, элиталар-арасы белгісіздік азаяды деп отыр ма? Қалай болса да, ресми дискурста реформа сыртқы тәуекелдермен, қауіпсіздік қажеттілігімен түсіндіріліп отыр. Яғни демократияны тереңдетуден гөрі мемлекеттік басқару мен қауіпсіздік логикасын күшейту (security-first constitutionalism) бірінші орынға қойылған. Бұл саясаттануда “авторитарлық тұрақтылық” (authoritarian resilience) деп сипатталатын логика.” дейді сарапшы.Демек, жаңа Конституция жобасы қысқа мерзімде элиталық тұрақтылық пен басқаруды күшейтуге бағытталғаны анық деген пікір айтады Момынқұлов.
“Алайда орта мерзімде, айталық президент өкілеттігі аяқталар тұста транзиттің жақындауымен бұл өкілдік пен сенім дағдарысын тереңдетуі ықтимал. Ал ұзақ мерзімде саяси жүйенің икемділігін төмендетуі мүмкін. Қоғамның саясатқа бейбіт бейімделу мүмкіндігін шектеуі ықтимал. Қалай десек те, мына Ата заң жобасы қабылданса, саяси жүйе авторитарлық тұрақтылық бағытында қатал да тұрақты режимге өтеді. Қазіргі Конституциямен салыстырғанда жаңа жоба демократия мен өкілдікті кеңейтпейді, бірақ басқару мен қауіпсіздікті күшейтеді. Қысқасы, геосаяси тәуекелді алға тарта отырып, билік саяси жүйені тұрақтандыруды ғана емес, сонымен қоса қатайтуды да таңдап отыр. Бұл жеке пікірім” дейді Ж. Момынқұлов.




