Todayinfo.kz
NewsView all articles

Нұр-Мүбарак университетінде БАҚ өкілдеріне ашық есік күні өтті

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының құрылтайшылығымен құрылған Нұр-Мүбарак университетінде отандық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған ашық есік күні өтті. Қасиетті Рамазан мен әз-Наурыз мерекесі қарсаңындағы басқосудың мақсаты – еліміздегі жалғыз ислами жоғары

By Мейіржан Әуелханұлы··2 min read
Нұр-Мүбарак университетінде БАҚ өкілдеріне ашық есік күні өтті

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының құрылтайшылығымен құрылған Нұр-Мүбарак университетінде отандық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған ашық есік күні өтті. Қасиетті Рамазан мен әз-Наурыз мерекесі қарсаңындағы басқосудың мақсатыеліміздегі жалғыз ислами жоғары білім ордасының тыныс-тіршілігін таныстырумен қатар дін мамандарын даярлау барысы, діни мәселелерге қатысты еліміздегі түйткілдер төңірегінде пікір алмасу.

БАҚ өкілдерін арнайы қабылдау барысында ректор, профессор Ахмед Хусейн Мұхаммед қасиетті Рамазанмен құттықтап, Мысыр мен Қазақ елі арасындағы тарихи ынтымақ пен Нұр-Мүбарак университетінің халықаралық дәрежедегі маңызын атап өтті. Ал ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Баспасөз – халықтың көзі, құлағы һәм тілі...» деген сөзі әлі де өзекті екенін алға тартқан проректор, PhD доктор Ершат Оңғар журналистердің ел дамуындағы үлесін ерекше бағалай келе, бүгінгі ақпараттық шабуылдарға қарсы халықтың рухани иммунитетін қорғаушы білікті дін мамандарын даярлау үдерісін жан-жақты таныстырды.

– Елімізде діни білімге деген сұраныс жыл сайын артып келеді. Қазіргі жаһандық кезеңде дін мамандарын даярлауға мемлекеттің мүддесі жоғары. Себебі біз өз мамандарымызды оқытпасақ, жат ағымдардың ықпалы күшейеді. Түлектерімізге сұраныс ҚМДБ-дан бөлек, мемлекеттік мекемелер, аймақтық Дін істері басқармалары, діни зерттеу орталықтары, ҚР ІІМ Қылмыстық атқару жүйесі, түзету мекемелері, білім беру сынды түрлі салаларда да артып отыр, – деді Ершат Ағыбайұлы.

 24 жыл тарихы бар Нұр-Мүбарак университетінисламтану, дінтану, теология, шетел филологиясы, аударма ісі мамандарын қосқанда, 3305 түлек бітірген (оның 88%-ы жұмыспен қамтылған). Ал бүгінде 2409 адам үш сатылы деңгейде (бакалавриат, магистратура, докторантура) білім алуда. Оқытушы-профессорлық құрамда отандық білікті ғалымдармен қатар, Мысыр мен Түркиядан келген 24 доктор, профессор дәріс береді. Халықаралық деңгейде 22 шетелдік әріптес университетпен келісімшарт аясында академиялық ұтқырлық бағдарламалары, конференциялар мен семинарлар, ғылыми-зерттеу жобалары тұрақты түрде жүзеге асуда. Бұл жастарға дін мамандығы мен ғылыми ізденістерін өз елімізде меңгеруге мол мүмкіндік береді.

Журналистер университеттің тыныс тіршілігімен танысып қана қоймай, жат ағымдарға қарсы дерадикализациялық нақты іс-шаралардан да хабар алды. Көкейлеріндегі сауалдары қойылып, ақпарат алаңындағы түйткілдеріне түйінді жауап берілді. Сондай-ақ, Нұр-Мүбарак университетінің салынып жатқан оқу ғимаратының құрылыс барысымен танысып, ел игілігіне арналған жоба аясындағы қарқынды жұмыс пен «Нұр-Мүбарак» қоры жайлы да танысып өтті.

Қасиетті Рамазанда БАҚ өкілдеріне ерекше рухани серпін сыйлаған Нұр-Мүбарак университетіндегі ашық есік күні берекелі ауызашар дастарханымен жалғасты.

Related

Нұр-Мүбарак университетінде БАҚ өкілдеріне ашық есік күні өтті · Todayinfo