Өңдеуші өнеркәсіптен адами капиталға дейін: Қазақстан экономикасының жаңа даму бағыты
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы жылдары экономикалық саясаттың басты бағыты ретінде индустрияландыруды, ішкі өндірісті дамыту мен қайта өңдеу секторын күшейтуді айқындап келеді, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі. Мемлекет басшысының Жолдауында бұл бағыттар тек стр
By Айғаным Нариманова··6 min read

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы жылдары экономикалық саясаттың басты бағыты ретінде индустрияландыруды, ішкі өндірісті дамыту мен қайта өңдеу секторын күшейтуді айқындап келеді, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
Мемлекет басшысының Жолдауында бұл бағыттар тек стратегиялық міндет ретінде ғана емес, экономиканың нақты өсу нүктелерін қалыптастырудың негізгі тетігі ретінде қарастырылды. Бүгінде Қазақстанда жаңа өндірістер іске қосылып, өңдеуші өнеркәсіптің түрлі салаларында жобалар жүзеге асырылуда. Сонымен қатар экономикалық саясаттың маңызды қағидаттарының бірі – «адамдарға арналған экономика» тұжырымдамасы. Бұл модель әлеуметтік саясатты тек қолдау құралы ретінде емес, адами капиталға салынатын инвестиция ретінде қарастыруды көздейді. Осы тұрғыда мемлекет білім беру, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту және әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға ерекше назар аударып отыр. Қазақстанда индустриялық саясаттың нақты нәтижелері қандай, сондай-ақ «адамдарға арналған экономика» қағидаты қалай жүзеге асып жатыр? Осы және өзге де мәселелер туралы Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының (КИСИ) Жаһандық экономика және тұрақты даму бөлімінің жетекшісі Бибігүл Серікқызы Өмірбаева пікір білдірді.
– Жолдаудың экономикалық блогында индустрияландыру, қайта өңдеу және ішкі өндірісті дамыту мәселелеріне ерекше көңіл бөлінген. Қазақстан осы міндеттерді қою кезеңінен нақты экономикалық өсу нүктелерін қалыптастыру кезеңіне қаншалықты өте алды?
– Егер міндеттерді қоюдан нақты нәтижелерге көшу тұрғысынан қарасақ, соңғы жылдары Қазақстанда өнеркәсіп саласында біртіндеп жаңа өсу нүктелері қалыптасып келе жатқанын байқауға болады. Бұл, ең алдымен, өңдеуші өнеркәсіптің бірқатар салаларының дамуынан көрінеді. Олардың қатарында металлургия, мұнай-химия өнеркәсібі, машина жасау, құрылыс материалдарын өндіру және агроөңдеу секторлары бар. Мысалы, үкіметтің деректеріне сәйкес, 2025 жылы Қазақстанда отыз үш жаңа өнеркәсіптік кәсіпорын іске қосылды. Бұл жобалардың жалпы инвестициялық көлемі шамамен сегіз жүз қырық миллиард теңгеден асып, он мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды.
Ірі жобалардың ішінде машина жасау және автомобиль өнеркәсібінің дамуын ерекше атап өтуге болады. Мәселен, Қостанай облысында «Kia Kazakhstan» автомобиль зауыты іске қосылды. Кәсіпорын жылына шамамен жетпіс мың автомобиль шығаруға есептелген және бір жарым мыңға жуық жұмыс орнын құруды көздейді.
Сонымен қатар Алматы қаласында «Astana Motors Manufacturing Kazakhstan» зауыты жұмысын бастады. Бұл кәсіпорын жылына жүз жиырма мың жеңіл автокөлік өндіруге қауқарлы және үш мың алты жүз жұмыс орнын қамтамасыз етеді.
Металлургия және металлургиялық қайта өңдеу саласы да кеңейіп келеді. Мысалы, Павлодар облысында «Ekibastuz FerroAlloys» жобасы іске асырылды. Бұл кәсіпорын металлургия саласына қажетті ферросилиций өндіреді. Жобаның инвестициялық көлемі шамамен тоқсан екі миллиард теңгені құрайды, ал өндірістік қуаты жылына екі жүз қырық мың тонна өнімге жетеді. Сонымен бірге машина жасау саласында өндірістік кооперация дамып келеді. Мысалы, Қостанай облысында «KamLit KZ» жобасы жүзеге асырылып, жүк көліктеріне арналған цилиндр блоктары мен басқа да компоненттер өндірілуде. Бұл жоба автомобиль компоненттерін жергіліктендірудің және ішкі өндірістік тізбектерді қалыптастырудың маңызды үлгісі болып табылады.
Бұдан бөлек, 2025 жылы алюминий қаптама, тұрмыстық техника, болат құбырлар және құрылыс материалдарын өндіретін бірқатар кәсіпорындар іске қосылды. Мұның бәрі өңдеуші өнеркәсіптің біртіндеп кеңейіп келе жатқанын көрсетеді. Жалпы алғанда, индустриялық саясаттың нәтижесінде 2025 жылы Қазақстанда шамамен жүз жетпіс үш жаңа өндіріс орны ашылды. Бұл экономиканың өндірістік базасының кеңейіп келе жатқанын аңғартады.
Дегенмен, жаңа өндірістердің едәуір бөлігі әлі де болса фрагментті түрде дамып келеді. Көп жағдайда жаңа кәсіпорындардың ашылуы толыққанды өндірістік тізбектермен байланысты бола бермейді және олардың айналасында жеткізушілер мен сервистік компаниялардың тұрақты желісі қалыптаса қоймаған. Бұл индустрияландыру әлеуетінің әлі толық пайдаланылмағанын көрсетеді. Сондықтан келесі кезеңде индустриялық кластерлерді қалыптастыру маңызды. Яғни ірі якорлық кәсіпорындардың айналасында жергілікті жеткізушілер, логистикалық компаниялар және технологиялық сервистер желісі дамуы тиіс.
Сонымен қатар өнеркәсіпті көлік және экспорттық инфрақұрылыммен ықпалдастыру да маңызды бағыттардың бірі. Қазақстан айтарлықтай транзиттік әлеуетке ие. Сондықтан көлік дәліздерінің бойында өндірістерді дамыту жаңа экономикалық өсу нүктелерін қалыптастырудың маңызды көзіне айналуы мүмкін. Бұл жағдайда көлік бағыттары тек транзиттік функцияны ғана емес, сонымен қатар өндіріс, логистика және экспорт шоғырланатын экономикалық даму дәліздерінің негізін қалыптастырады. Осылайша, Қазақстанда өнеркәсіп саласында белгілі бір өсу нүктелері қалыптаса бастады деп айтуға болады. Алайда ұзақ мерзімді тұрақты нәтижеге қол жеткізу үшін жекелеген жобалардан жүйелі өнеркәсіптік экожүйеге көшу қажет. Мұндай экожүйе экспортқа бағдарланған, технологиялық дамуға бағытталған және жаһандық қосылған құн тізбектеріне интеграцияланған болуы тиіс.
– «Адамдарға арналған экономика» қағидаты бұған дейін стратегиялық мақсат ретінде айтылып келген еді. Бұл тұжырымдаманың нақты мазмұнмен толыға бастаған белгілерін көріп отырсыз ба?
– Иә, расында да «адамдарға арналған экономика» тұжырымдамасы біртіндеп нақты практикалық мазмұнға ие бола бастады. Бұл, ең алдымен, мемлекет тарапынан халықтың өмір сапасын арттыруға, әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға, жұмыспен қамтуды қолдауға және білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын үй мен әлеуметтік қорғау сияқты негізгі қызметтердің қолжетімділігін арттыруға бағытталған саясаттан көрінеді. Яғни әлеуметтік саясаттың экономикадағы рөліне деген көзқарас біртіндеп өзгеріп келеді. Дәстүрлі түрде әлеуметтік саясат көбіне өтемақы механизмі ретінде қабылданып келді: мемлекет түрлі жәрдемақылар, субсидиялар және әлеуметтік қолдау арқылы ресурстарды қайта бөледі.
Алайда соңғы жылдары әлемдік тәжірибеде әлеуметтік инвестициялар тұжырымдамасы кеңінен қолданыла бастады. Бұл тәсіл бойынша мемлекеттік шығындар адам капиталына салынатын инвестиция ретінде қарастырылады. Осы тұрғыда білім беру жүйесіне, дағдыларды дамытуға, аурулардың алдын алуға, медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға, жұмыспен қамтуды және кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған инвестициялар ерекше маңызға ие. Мұндай тәсіл әлеуметтік саланы тек бюджеттік шығын ретінде емес, еңбек өнімділігін арттырудың, экономикалық тұрақтылықтың және ұзақ мерзімді өсімнің маңызды факторы ретінде қарастыруға мүмкіндік береді.
Осылайша адам капиталы экономиканың негізгі ресурсына айналып отыр. Мемлекет бұл бағытта нақты қадамдар жасауда. Мысалы, денсаулық сақтау саласында 2025 жылдың қорытындысы бойынша ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба іске асырылды. Оның аясында алты жүз елу бес медициналық нысан салынды. Олардың қатарында жаңа ауруханалар, фельдшерлік-акушерлік пункттер және ауылдық медициналық пункттер бар. Бұл медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ Астанада Ұлттық экологиялық орталық пен Жедел медициналық көмек орталығы, ал Алматы қаласында жұқпалы аурулар орталығы сияқты ірі медициналық нысандар салынды. Білім беру саласына да айтарлықтай инвестициялар бағытталуда. Үкіметтің деректеріне сәйкес, 2024–2025 жылдары Қазақстанда үш жүз елу тоғыз жаңа мектеп пайдалануға беріліп, бес жүз мыңнан астам оқушы орны құрылды.
Сонымен қатар 2026 жылы тағы тоқсан мектеп салу жоспарланып отыр. Бұл шамамен қырық жеті мың жаңа оқушы орнының ашылуына мүмкіндік беріп, үш ауысымды оқыту мәселесін едәуір қысқартуға ықпал етеді. Яғни денсаулық сақтау, білім беру және дағдыларды дамытуға бағытталған мемлекеттік шығындар тек әлеуметтік шығындар ретінде емес, экономиканың ұзақ мерзімді өнімділігіне салынатын инвестициялар ретінде қарастырылып отыр. Осылайша «адамдарға арналған экономика» қағидаты нақты саясаттық мазмұнмен толықтырылып, кезең-кезеңімен іске асырылып келеді.
Related

Ақпарат комитеті
Халықаралық қауымдастық Қазақстанның бастамаларын “сенімге негізделген дипломатия” ретінде оң бағалайды - саясаттанушы
Әмірболат Құсайынұлы·

Ақпарат комитеті
«Заң мен тәртіп» жемқорлыққа төзбей, халықты әділеттілікке біріктіретін ауқымды жоба – сарапшы
Әмірболат Құсайынұлы·

Ақпарат комитеті
Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздеріне құрметпен қарау – әр азаматтың міндеті
Айғаным Нариманова·

Ақпарат комитеті
Суицидпен күрес: Қазақстанда психологиялық қолдау жүйесі қалай дамып жатыр
Айғаным Нариманова·