«ҚазТАГ» агенттігінің бас редакторы Әмір Қасеновке қатысты бұлтартпау шарасы өзгертіліп, ол үйқамақтан тергеу абақтысына ауыстырылды, деп хабарлайды Todayinfo.kz.
Сот шешіміне Қасеновтің үйқамақ талаптарын бірнеше мәрте бұзуы себеп болған. Атап айтқанда, ол 2025 жылғы 24 желтоқсандағы сот қаулысы бойынша әлеуметтік желілерді пайдалануға және байланыс құралдарымен сөйлесуге тыйым салынғанына қарамастан, 2 маусым мен 15 маусымда жеке видеоүндеулер жариялаған. Сонымен қатар, соттың мәліметінше, бас редактор 11 маусымдағы негізгі сот отырысына алдын ала ескертілсе де қатыспаған.
Осы деректерді ескерген сот прокурордың өтінішін қанағаттандырып, Қасеновті тергеу абақтысына қамау туралы қаулы шығарды. Айта кетейік, Алматының Алмалы аудандық сотында ҚазТАГ агенттігінің бас редакторы Әмір Қасенов пен бас директоры Әсет Матаевқа қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр.




