Қазақстандық волейболшы Сабина Алтынбекова жеке өміріне қатысты ақпарат таратқан журналистерге қатысты сотқа жүгінетінін мәлімдеді. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
Спортшы қоғамда бір ғана сөзге – «ажырасқан» деген ұғымға ерекше мән беріліп отырғанын атап өтті.
«Бір ғана сөзді жарнамадай таңбаға айналдыруға тырысып жатқандарды қызық бақылап отырмын.
“Ажырасқан”.
Спортшы емес.
Әйел емес.
Тұлға емес.
Дәл солай – “ажырасқан”», – деп жазды ол.
Алтынбекова ажырасуды кемшілік немесе таңба ретінде қабылдауға болмайтынын айтты.
«Ажырасу – таңба емес. Бұл – өмірдің бір кезеңі ғана.
Мен – әйелмін.
Мен – анамын.
Мен – кәсіби маманмын.
Ал менің отбасылық мәртебем құндылығымды анықтамайды», – деді спортшы.
Сондай-ақ ол қазақстандық әйелдердің қоғам таңған сценариймен өмір сүруге міндетті еместігін жеткізді.
«Қазақстан әйелдері өз өмірін өзі таңдауға құқылы. Таңбасыз, қысымсыз, кемсітусіз өмір сүруге хақылы», – деп жазды ол.
Жазбасының соңында Сабина Алтынбекова өзіне қатысты материал жариялаған ақпараттық ресурсты белгілеп, құқықтық шара қолданатынын ескертті.
Желі қолданушылары спортшыны қолдап, аталған сайтқа реніштерін білдіруде.«@ordakazakhstan, сіздердің әрекеттеріңізді күтемін», – деп түйіндеді спортшы.




