Биыл Степногорск қаласында тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру және инфрақұрылымды жаңарту бағытында бірқатар маңызды жұмыстар атқарылды. Әсіресе, жылу желілерін жаңғырту ісіне айрықша көңіл бөлінді, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
Қала бойынша 17 шақырымнан астам жылу желісі толық жөндеуден өтті. Бұл жұмыстардың нәтижесінде жүйелердің тозу деңгейі айтарлықтай азайды — былтырғы 80 пайыздан 2024 жылы 71,4 пайызға, ал биыл 68 пайызға дейін төмендеді. Мұндай көрсеткіш коммуналдық саладағы тиімділікті арттырып қана қоймай, алдағы қыс маусымында тұрғындарға тұрақты әрі сапалы жылу беруді қамтамасыз етеді.
«Биыл электр желісінің 165 км қамтитын алты жоба іске қосылады. Ол тапшылықты жоюға мүмкіндік береді және астана маңындағы 30 мыңнан астам тұрғынды үздіксіз жарықпен қамтамасыз етеді», - деді спикер ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.Өңір әкімі Марат Ахметжановтың айтуынша, ағымдағы жылу беру маусымына дайындық аясында шамамен 40 км жылу желілері ауыстырылды және 59 қазандық жаңартылды. Жылу беру маусымы қалыпты режимде өтуде. Нормативтік көмір қоры жиналған, халық үшін тапшылық жоқ. Сонымен қатар, сумен жабдықтаудың тұрақтылығы мен сапасына ерекше назар аударылады. Осы жылы 77 ауыл сумен қамтамасыз етіледі, 17 ауылдағы су құбырлары желілерінің реконструкциясы аяқталады.
Сонымен қатар, Степногорск жылу-электр орталығында да кең көлемді жаңарту жұмыстары жүргізілді. Мұнда бес турбина генераторы мен алты қазандыққа жоспарлы жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Энергетикалық нысандағы бұл өзгерістер қаланың жылу және электрмен қамту жүйесінің сенімділігін арттырып, апаттық жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Жалпы, инженерлік инфрақұрылымды кезең-кезеңімен жаңарту – Степногорск қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуының басты бағыттарының бірі. Қалалық әкімдік пен облыс басшылығының айтуынша, алдағы жылдары бұл жұмыстар жалғасып, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарға жылу жеткізу жүйесі толықтай жаңартылады.




