Фото: ҰОК Сали Сабиров
Милан–Кортинада өтіп жатқан қысқы Олимпиада ойындарында қазақстандық шорт-трекші Абзал Әжіғалиевүшін жарыс өкінішті сәтпен аяқталды. Спортшы ширек финал барысында қарсыласымен соқтығысып, мұзға құлап, жарысты жалғастыра алмады. Бұл туралы Todayinfo.kz ақпараттық порталы хабарлайды.
Осы оқиғадан кейін оның жұбайы Дильназ Әжіғалиева әлеуметтік желіде жүрекке жететін жазба қалдырды. Ол Threads платформасындағы жазбасында көпшілік спортшыдан медаль күткенін, алайда өзі үшін ең бастысы — жұбайының аман-есен елге оралуы екенін атап өтті.
«Барлығы жүлде күтеді. Бірақ мен үшін ең қымбат жеңіс — оның тірі, сау күйінде үйге келуі», – деп жазды ол.
Дильназ Әжіғалиева Абзалдың төрт бірдей Олимпиада ойындарының ауыр жүгін арқалап жүргенін еске салды. Оның айтуынша, бұл – тек спорттық жарыс емес, ел намысын қорғау жолындағы ұзақ жылдық қажырлы еңбек. Жұбайы үшін Абзалдың Қазақстан үшін жасаған әрбір қадамы кез келген алтын медальдан артық.
Олимпиададағы бұл сәт жанкүйерлерге де ауыр тиді. Спортшы соңғы айналымда итальяндық қарсыласымен соқтығысып, жартылай финалға өте алмай қалды. Дегенмен желі қолданушылары оның ерік-жігеріне, төзімділігіне және ел алдындағы еңбегіне құрмет білдіріп, жылы лебіздерін жаудырды.
Көпшілік Дильназдың жазбасын «нағыз махаббаттың үлгісі» деп бағалап, «медальсыз да чемпион», «ел үшін күрескен әр спортшы – батыр» деген пікірлер қалдыруда.
Бұл оқиға тағы бір мәрте спорттағы жеңіс тек тұғырмен өлшенбейтінін, кейде ең үлкен жетістік – амандық пен отбасының қолдауы екенін көрсетті.




