Алматы соттары Мемлекеттік мүлік комитетінің PLS компаниясы мен Болат Назарбаевтың бірқатар мұрагерлеріне қарсы берген талап-арызын мәні бойынша қараған жоқ. Сот құжаттарында процессуалдық қателік болғандықтан, арыз талап қоюшыға кері қайтарылған, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
Алайда бұл мемлекет сотта жеңілді дегенді білдірмейді. Себебі бірінші сатыдағы сот мәмілелердің заңдылығын да, келтірілген шығын көлемін де қарауға кіріспеген.
Даудың қаралмауына басты себеп – жауапкерлер қатарында Болат Назарбаевтың кәмелетке толмаған балаларының болуы.
Алматы соты бұл іс кәмелетке толмағандардың мүліктік құқықтары мен заңды мүдделеріне тікелей қатысты екенін айтқан. Сондықтан мұндай дауды жалпы аудандық сот қарауға құқылы емес деп танылды.
Алматы қалалық соты да бұл ұстанымды растады. Заң бойынша мұндай істерді кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот қарауы керек.
"Талап қойылған жауапкерлердің қатарында кәмелетке толмаған балалар да бар, сондықтан бұл дау олардың құқықтары мен заңды мүдделеріне тікелей әсер етеді", – делінген сот анықтамасында.
Осылайша, Мемлекеттік мүлік комитетінің арызы мәні бойынша қаралмай, процессуалдық негізде кері қайтарылды.




