Todayinfo.kz
Өзгекті жазбаларБарлық жазбаларды қарау

«Дронды, отқа жанбайтын үйдің қабырға материалын да Ата заңға қосайық»: Қайнар Олжай Конституция мүшелерінің сөздері сұйылып кеткенін сынға алды

Фото: baq.kz/ Мақпал Орынбек Белгілі журналист, жазушы Қайнар Олжай Конституциялық реформаны әзірлеу үшін құрылған комиссия құрамына қатысты өткір сын айтты. Ол өз пікірін әлеуметтік желідегі парақшасында жариялаған, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі. Оның айтуынша, с

Авторы Айғаным Нариманова··2 мин оқу
«Дронды, отқа жанбайтын үйдің қабырға материалын да Ата заңға қосайық»: Қайнар Олжай Конституция мүшелерінің сөздері сұйылып кеткенін сынға алды

Фото: baq.kz/ Мақпал Орынбек

Белгілі журналист, жазушы Қайнар Олжай Конституциялық реформаны әзірлеу үшін құрылған комиссия құрамына қатысты өткір сын айтты. Ол өз пікірін әлеуметтік желідегі парақшасында жариялаған, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.

Оның айтуынша, соңғы күндері комиссия мүшелерінің уәждері барған сайын әлсіреп, сөздері «сұйылып» бара жатыр.

Журналист саясаттағы талай жағдайды еске алды:

«Сайқал саясатта небір оқиғаны көрдік. Біразын сол кезде-ақ дұрыс емес деп бағаладық. Кейін сол пікіріміздің расқа айналғанын көрдік. Бірақ оны дер кезінде жарияламаған соң, “мен солай ойлап едім” деудің өзі күлкілі. Сондықтан дер кезінде айту керектігін ұққанбыз», – дейді ол.

Осы тұжырымын Конституцияға өзгеріс енгізуге байланысты құрылған комиссия мүшелерінің әрекетіне қатысты қолданады. Оның пікірінше, кейінгі екі-үш күнде олардың айтқан сөздері мүлде сенімсіз сипат ала бастаған.

«Уәждері таусылып келеді. Ал қалған азын-аулақ уәждің өзі күмән тудырады», – деп жазады Олжай.

Журналист ерекше тоқталған мәселе – «орыс тілі ресми тіл болмаса, Ресей соғыс ашады» деген уәж.

«Мысал ретінде Украинаға қарсы “арнайы әскери операцияны” келтіреді. Бірақ мұны тарихи тұрғыдан талдап көрейік. Екі ел арасындағы дау 1992–1993 жылдардан басталған. Ол кезде біз “Егемен Қазақстан” газетінде шетел жаңалықтарына шолу дайындайтынбыз. Қара теңіз флотын бөлісе алмай, көкпарға салғаны туралы апта сайын жаздық. Қырымға байланысты дау салдарынан екі мемлекет шекара жөнінде келісімге келе алмады. Отыз жылға созылған текетірес ақыры соғысқа ұласты», – дейді ол.

Ал Қазақстан мен Ресей арасында мұндай жағдай болмағанын атап өтті:

«Біздің шекарамыз анықталған, шарт жасалған, парламенттер оны бір мезгілде ратификациялаған. Сондықтан “Қазақстан Конституциясында орыс тілі көрсетілмесе, Ресей соғыс ашады” деу – “қорыққанға қос көрінеді” дегеннің нақ өзі».

Комиссия тарапынан айтылған тағы бір уәжді де Олжай мысқылмен қабылдайды.

«Ресейде біреу біз әлі 25 жыл соғыса аламыз депті” деген үрейлі сөз шықты. Ресейде кім не демеген? Жириновский кезінде “орыс солдаты Үнді мұхитында етігін жуады” деген. Қайда сол етік? Үнді мұхитына жетпей-ақ Сириядан да сүрініп жатқан жоқ па?» – деп жазады журналист.

Комиссия мүшелерінің «бұрынғы Конституцияда жасанды интеллект жоқ болғандықтан, оны енгізуге тура келді» деген уәжін де орынсыз деп санайды.

«Онда бұрын Астанада үйлер тез жанатын материалмен қапталатын, қазір отқа төзімді материал қолданылып жатыр. Мұны да Конституцияға енгізейік пе? 1995 жылы ойға келмеген, қолданысқа енбеген дронды да ұмытпайық. Бәрін қосайық», – деп әжуалайды ол.

Тағы бір айтылған уәж – «бұрынғы Конституция қазақ тілінде дұрыс жазылмаған» деген пікір.

«Ойбай-ау, Назгүл Қожабек бар, біз бармыз. Әкеліңдер, редакциялап берейік. Жүз адам Конституцияның тілін түзетеміз деп отырғанша, мемлекетке пайдалы басқа іспен айналысса болмай ма?» – дейді Олжай.

Журналистің пікірінше, егер комиссия мүшелерінің бірі ашық түрде:

«Халықтың бетке ұстар заңгерлері, тарихшылары, журналистері “асықпаңдар, мына өзгерістер шикі” деп жатыр. Сондықтан мен бұл комиссиядан өз еркіммен шығамын» десе, нағыз дер кезінде айтылған сөз сол болар еді.

Ұқсас материалдар