Todayinfo.kz
Экономика

«Девальвация?»: сарапшы доллардың қанша теңгеге дейін қымбаттайтынын айтты

Qazaq Expert Club сарапшысы 2026 жылға арналған доллар бағамына болжам жасады. Оның пікірінше, теңге біртіндеп әлсірейді, бірақ күрт құнсыздану болмайды.

Авторы Мухтар Жексенбаев (журналист)··2 мин оқу
«Девальвация?»: сарапшы доллардың қанша теңгеге дейін қымбаттайтынын айтты
Qazaq Expert Club сарапшысы, қаржыгер Венера Жаналина 2026 жылы доллар бағамы 505-535 теңге аралығында болады деп болжады, бірақ күрт девальвация қаупі жоқ екенін айтты, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі. Еуразиялық даму банкінің 2026 жылы доллардың орташа бағамы 535 теңгеге жетуі мүмкін деген болжамынан кейін қоғамда «девальвация бола ма?» деген сұрақ қайта жанданды. Осыған байланысты қаржыгер Венера Жаналина теңгенің жай-күйіне қатысты өз пікірін білдірді.
"Қазіргі уақытта теңгенің күрт құнсыздануына алып келетін экономикалық алғышарттар жоқ. Бағамда ауытқулар болуы мүмкін және тәуекелдер теңгенің біртіндеп әлсіреуіне қарай ойысып тұр. Бірақ бұл валюталық шок емес, қалыпты нарықтық қозғалыс болады. Теңгенің әлсіреуіне не әсер етуі мүмкін? Негізгі сыртқы факторлардың бірі – Brent маркалы мұнайдың бағасы. Болжам бойынша, 2026 жылы Brent мұнайының орташа бағасы бір баррель үшін шамамен 62-64 доллар болады, бұл 2025 жылғы деңгейден (шамамен 68-69 доллар) төмен. Бұл ұлттық валюта мен экспорттық кірістерге қысым жасайды", - дейді сарапшы.
Ішкі экономикаға келетін болсақ, сарапшы теңгеге төнетін тәуекелдерді бюджет саясаты, импорт динамикасы және инфляциялық күтулермен байланыстырады. Ұлттық банк пен нарық болжамына сәйкес, 2026 жылы инфляция жоғары деңгейде – шамамен 9,5-11% шамасында сақталуы мүмкін. Бұл да валюталық күтулер мен халықтың сатып алу қабілетіне әсер етеді. Теңге бағамын ұстап тұрған маңызды тетік – қатаң ақша-несие саясаты. Базалық мөлшерлеменің 18% деңгейінде болуы теңгелік активтердің тартымдылығын арттырып, капиталдың келуіне ықпал етеді. Алайда, инфляциялық қысымның күшеюі немесе ішкі сұраныстың артуы бұл оң әсердің бір бөлігін жоққа шығаруы ықтимал.
"Бірақ Қазақстанның маңызды қорғаныш тетіктері бар. Бұл – еліміздің жүздеген миллиард доллардан асатын алтын-валюта қоры. Сонымен қатар, экономиканы тұрақтандыру және сыртқы соққыларға тәуелділікті азайту үшін құрылған Ұлттық қордың активтері қосымша қорғаныс қызметін атқарады", - деп толықтырды Венера Жаналина.
Қаржыгердің пікірінше, бұл факторлардың жиынтығы сыртқы сын-қатерлерге қарамастан, теңге бағамының бір сәтте күрт құлдырамай, нарық заңдылықтарына сәйкес біртіндеп бейімделетінін білдіреді. Сондықтан 2026 жылға арналған негізгі сценарий – валюталық шок емес, теңгенің біртіндеп әлсіреуі. Фото: Жасанды интеллект

Ұқсас материалдар