Қызылордада шыны зауытының іргетасы қаланды: 60 млрд теңге инвестиция
Қызылорда облысында жыл сайын 240 миллион дана шыны ыдыс шығаратын жаңа зауыттың құрылысы басталды. Жоба 60 миллиард теңге инвестиция тартып, 500 жаңа жұмыс орнын ашады.
Бүгін Қызылордада облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, «Seven Rivers» серіктестігінің құрылтайшысы Ануар Үмбетаев, құқық қорғау органдарының бірінші басшылары, құрылыс компанияларының директорлары, зиялы қауым өкілдері және ел ағаларының қатысуымен «Seven Rivers» компаниясы шыны ыдыстар зауытының капсуласын орнату рәсімі өтті, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
Бұл – өңірдегі шыны кластерін дамытуға бағытталған маңызды өндірістік бастамалардың бірі. Зауыт әлемдік деңгейдегі «Horn» неміс технологиясымен жабдықталып, заманауи әрі экологиялық талаптарға сай өнім өндіреді.
Рәсімде облыс әкімі аймақта инвестициялық жобалардың қарқынды іске асырылып жатқанын атап өтті.
«Өткен аптада Мемлекет басшысының қабылдауында болдым және инвестициялық жобаларды таныстырдым. Президент бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыруға қатысты нақты тапсырмалар берді.
Жақында Премьер-министрдің бірінші орынбасары қызметіне тағайындалған Нұрлыбек Машбекұлы облысты басқарған кезде өңір экономикасына 2,3 триллион теңгеден астам инвестиция тартылды. Алдағы үш жылда 1,9 триллион теңгеге 48 инвестициялық жобаны іске асыру, 10 мыңнан аса жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған.
Өткен аптада ғана «Марал Нұр» серіктестігінің вагон жөндеу және техникалық қызмет көрсету кешенін іске қостық. Бүгін испандық «Рока групп» компаниясының жылына 500 мыңға дейін санитарлық-техникалық өнім шығаратын жоғары технологиялық зауытының капсуласын орнаттық.
Еліміз, өңіріміз үшін маңызды жаңа өндіріс орындары экономиканы әртараптандыруға, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға жаңа серпін береді деп сенемін», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Шарада облыс прокуроры Ризабек Ожаров, «Seven Rivers» серіктестігінің құрылтайшысы Ануар Үмбетаев сөз сөйлеп, мемлекет және қоғам қайраткері Биғали Қаюпов батасын берді.
«Қазақ-Герман» бизнес-форумы аясында ынтымақтастықты дамыту туралы меморандумға қол қойылған болатын. Ол бойынша 60 миллиард теңгеге жылына 240 миллион дана шыны ыдыс өндіретін зауыт салу келісілген. Кәсіпорында 500-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр.
Зауытқа барлық инженерлік инфрақұрылымы тартылған «Өндіріс» индустриялық аймағынан 38 гектар жер телімі бөлінді. Қаржыландыру мәселесі «Өнеркәсіпті дамыту қорының» «Жасыл даму» бағдарламасы аясында қарастырылып жатыр. Ел аумағынан жиналған шыны қалдықтарын қайта өңдеу арқылы бәсекеге қабілетті өнім шығару және импортты алмастыру көзделіп отыр.
Бұдан бөлек, өңірдегі жоғары сапалы кварц құмы, әк және доломит қорларын тиімді пайдалану арқылы шыны өндірісі төңірегінде жаңа ілеспе кәсіпорындарды дамытуға мүмкіндік береді.
Жаңа өндіріс орны өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға, экспорт көлемін ұлғайтуға және тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға үлесін қосады деп күтілуде.