Бүкіл ел бойынша Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен Әкелер күніне арналған іс-шаралар өтіп жатыр. Соның бірі – 18 маусымда Орал қаласындағы Достық үйінде өткен «Жауапты әке – мықты отбасы» атты облыстық форум. Форумға Әкелер Одағы, Әкелер комитеті, Әкелер кеңесінің белсенді мүшелері, үлгілі әкелер, әскери бөлім қызметкерлері, спортшылар, жастар мен БАҚ өкілдері жиналды.

БҚО қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Гүлжанар Шукеева құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларды форумның ашылуымен құттықтады. «Отан отбасынан басталады. Мемлекет басшысы Отбасы күніне орай “Әрбір адам үшін ұшқан ұясының орны бөлек. Өскелең ұрпақтың отбасында тәлім-тәрбие алып, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруі өте маңызды. Салт-дәстүрге құрмет те, туған елге сүйіспеншілік те қасиетті қара шаңырақтан бастау алады” деп отбасының рөлін атап өтті.

Отбасы – қоғамның алтын діңгегі, әке – сол шаңырақтың тірегі, жауапкершілік пен тәрбие мектебінің негізгі тұлғасы. Бүгінгі форумның мақсаты да – отбасындағы әке рөлін күшейту, жауапты әкелік мәдениетті қалыптастыру және ұлттық құндылықтарды дәріптеу» - деп Гүлжанар Шукеева атап өтті.





