Todayinfo.kz
Ақпарат комитетіView all articles

Әскерге шақыру мен сарбаздарды қызметке бөлуде жасанды интеллект қолданылады – Қорғаныс министрінің орынбасары

Енді шақырылушылар туралы мәліметтер мемлекеттік базалардан автоматты түрде жиналып, барлық құжаттар электронды форматта рәсімделеді.

By Айдар Керім··2 min read
Әскерге шақыру мен сарбаздарды қызметке бөлуде жасанды интеллект қолданылады – Қорғаныс министрінің орынбасары
📷 ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Қоғамның кез келген саласын цифрландыру заман талабы. Әсіресе  жасанды интеллект және инновацияларды енгізу елдің дамуына ғана емес, мемлекеттің қауіпсіздігіне де кепіл береді. Оған бүгінде айналада болып жатқан оқиғалар мен түрлі алпауыт мемлекеттердің жаппай осы салаға көшуі мысал. Осы тұрғыда Қазақстан билігі де әр саланы, соның ішінде әскери бағытта да цифрландырумен  белсене айналысып жатыр. Әскерге шақыру, әскери қорғаныс саласын басқару сынды жұмыстардың барлығын цифрландырып, жасанды интеллектінің көмегіне жүгіну жұмыстары жаппай жүргізіліп жатыр. Осы тұрғыда Todayinfo ақпараттық агенттігінің тілшісі Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиевпен тілдесіп, пікірін білді.

  

Қарулы Күштерді цифрлық трансформациялаудың негізгі бағыттарының бірі – жасанды интеллект технологияларын енгізу және заманауи цифрлық сервистерді дамыту.

«Цифрландыру шеңберінде Қорғаныс министрлігі азаматтардың армиямен өзара іс-қимылының бірыңғай цифрлық платформасы – myarmy.kz порталын іске қосты. Портал арқылы мерзімді әскери қызметке өтінім беруге, оның қаралу мәртебесін қадағалауға, қажетті құжаттар мен медициналық тексерулер туралы ақпарат алуға, сондай-ақ кері байланыс сервистерін пайдалануға болады», - деді ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары.

 

Бұдан бөлек, Қорғаныс министрлігі азаматтарды олардың дағдылары, қабілеттері мен кәсіби бейімділіктерін ескере отырып, әскер түрлері мен тектері бойынша бөлуге мүмкіндік беретін «Sarbaz-AI» интеллектуалды жүйесінің жобасын таныстырды. AI Governance Cup ұлттық конкурсының қорытындысы бойынша бұл жоба орталық мемлекеттік органдар арасындағы үздік бес шешімнің қатарына енді.

Сондай-ақ, Қазақстан шілде айынан бастап әскерге цифрлық шақыру жүйесіне көшеді. Енді шақырылушылар туралы мәліметтер мемлекеттік базалардан автоматты түрде жиналып, барлық құжаттар электронды форматта рәсімделеді.

«12 шілдеден бастап шақыру комиссияларының шешімдері де цифрлық қолтаңба арқылы бекітіледі. Сонымен қатар, әскерге іріктеудің жаңа басымдық тәртібі енгізіліп, алдымен Мемлекеттік күзет қызметі, ҰҚК Шекара қызметі және Ұлттық ұлан жасақталады. Cонымен қатар, Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушылардың дербес әскери есебін жүргізуге арналған «Жұмылдыру ресурстарын автоматтандырылған есепке алудың интеграциялық шлюзі» цифрлық жүйесінде жасанды интеллект негізінде әскерге шақырылушыларды әскер түрлері мен тектері бойынша ұсынылатын қызмет бағытына автоматты түрде бөлу функциясы енгізілген», - деді Дархан Ахмедиев.

Ұсынымдарды қалыптастыру кезінде жасанды интеллект шақырылушының антропометриялық деректерін (бойы мен салмағы), білім деңгейін және білім бағытын (техникалық, гуманитарлық және т.б.) ескереді.

«Аталған функция еліміздің барлық өңірлік, қалалық және аудандық шақыру комиссиялары үшін қолжетімді», – деді Қорғаныс министрінің орынбасары Д. Ахмедиев.

Related

Әскерге шақыру мен сарбаздарды қызметке бөлуде жасанды интеллект қолданылады – Қорғаныс министрінің орынбасары · Todayinfo