Атырауда күйеуінің туыстарының алтын әшекейлерін ломбардқа өткізіп жіберген 23 жастағы келінге сот үкімі шықты. Бұл туралы «Ақ Жайық» басылымы хабарлады.

Сот материалдарына сәйкес, келін күйеуінің отбасымен бірге тұрған. Ол шамамен үш ай бойы үйдегі алтын бұйымдарды біртіндеп алып шығып, оларды ломбардқа тапсырып отырған. Ұрланған әшекейлер күйеуінің қарындасы мен ағасының әйеліне тиесілі болған. Әйел сотта бұйымдарды өткізуден түскен қаражатты жеке қажетіне жаратқанын айтты.

Алтындардың жоғалғанын туыстары бірден аңғармаған. Әуелде олар үйге ұры түсті деп күдіктеніп, болған жағдайды отбасылық чатта талқылаған. Кейін әшекейлердің жоғалуына келіннің қатысы бары анықталған.

Жәбірленушілерге келтірілген жалпы материалдық шығын көлемі шамамен 3,7 миллион теңгені құрады. Олардың бірінің сөзінше, қолды болған 13 алтын бұйымның алтауы ғана қайтарылған. Оның ішінде кейбір әшекейлер бүлінген күйде табылған, ал қалғандарының қайда екені әзірге белгісіз.

Сот отырысында айыпталушы кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінетінін жеткізді. Нәтижесінде сот оны ірі көлемде ұрлық жасағаны үшін кінәлі деп танып, үш жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын және пробациялық бақылау тағайындады. Сонымен қатар әйел жәбірленушілердің біріне 2,7 миллион теңгеден астам материалдық шығынды өтеуге міндеттелді.