Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин республикалық «Жас Алаш» сайтына жариялаған мақаласында Қазақстандағы саяси реформалардың нәтижесі мен қоғамдық санадағы өзгерістер туралы сөз қозғады. Оның жазуынша, бұрын мемлекеттік басқару жүйесінде де, қоғамда да тез нәтиже беретін жұмыстарға басымдық беріліп, ұзақ мерзімді әрі жүйелі реформаларға жеткілікті көңіл бөлінбеген.
«Бұған дейін де айтқам, қазір де қайталайын: құрғақ ұран, жалаң үгіт-насихат – біздің жолымыз емес. Бұрын бір кезде біздің билікте де, қоғамда да тез нәтиже беретін жұмыстармен айналысқысы келетін жаман әдет болды. Жұрттың алдында жедел есеп бере салатын, жылдам ұпай жинайтын шаруалармен әуестену белең алды. Сол тәсіл мемлекеттік басқару жүйесінде де, қоғамдық психологияда да қатты асқынды. Ешкімнің іргелі реформалармен, ұзақ мерзімді шаруалармен айналысқысы келмеді. Сөйтіп, кейбір күрделі проблемалардың шешімі табылмай, жинақтала берді. Бір өңірлерде жер астындағы инженерлік желілер тозып, уақытында жаңартылмады. Басқа бір аймақтарда ауызсу тапшылығы мәселесі реттелмесе де, жарқыраған ғимараттар салынып жатты. Міне, осындай кереғар жағдайлар орын алды. Мұндай әдеттің ең ауыр зардабы – күрделі мәселелердің түйіні дер кезінде тарқатылмай, кейінгі буынға ысырыла беруі еді. Ал қазір билік, керісінше, ең маңызды, терең де түйінді, ауқымды жұмыстарды атқаруға ұмтылуда. Кейбірінің күрделілігі соншалық, қоғамда әркелкі қабылдануы мүмкін болса да, мемлекеттің болашақ дамуына деген қажеттіліктен кейін онымен ертең емес, тап қазір айналысуға тура келді», - деді ол.
Мемлекеттік кеңесші атағандай, қазіргі таңда бұл түйткілдерді шешуге бағытталған ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ерлан Қарин реформалардың басты нәтижесі инфрақұрылымдық жобалармен ғана шектелмейтінін айтты.
«Мысалы, көлік, инфрақұрылым, энергетика саласындағы ондаған жылдар бойы қордаланған мәселелер қолға алынып жатыр. Жаңадан жылу электр станциялары, әуежайлар мен сапаржайлар, жолдар мен көпірлер, инженерлік желілер салынуда. Сондай жұмыстың тағы бір көрінісі – қоғамдық санадағы оң өзгерістер. Бұған Мемлекет басшысының табанды әрі тиянақты саясатының нәтижесінде қол жеткізіліп отыр.
Президент реформаларының ең үлкен нәтижелерінің бірі – өзгерістердің қоғамдық менталитетке ықпал ете бастауы. Оны неден байқаймыз? Мемлекет басшысы үнемі көтеріп жүрген әдептілік, үнемділік, тазалық, тәртіптілік секілді ұстанымдарды бүгінде жұртшылық жақсы қабылдап, қоғам болып оны әрі қарай іліп алып кетуде», - деді ол.
Ерлан Қариннің пікірінше, Мемлекет басшысы көтеріп жүрген әдептілік, үнемшілдік, тазалық және тәртіптілік сияқты құндылықтар қоғамда қолдау тауып келеді. Егер бұрын қоғамдық тәртіпті сақтау көбіне әкімшілік-құқықтық тетіктер арқылы қамтамасыз етілсе, бүгінде азаматтардың өздері заң бұзушылықтарға, қоғамдық орындардағы тәртіпсіздікке және ысырапшылдыққа бейжай қарамайтын болған.
«Бұл – Мемлекет басшысы айтып жүрген ұстанымдардың қоғамдық санаға орныға бастағанының бір көрінісі. Мемлекет басшысы насихаттайтын қарапайым құндылықтарды ең алдымен азаматтардың өздері қорғауға тырысуы – өркениетті қоғамға ұмтылудың белгісі. Сондықтан да Президент реформаларының ең үлкен жемісі институционалдық өзгерістермен қатар, қоғамдық санадағы сілкініс дер едік.
Президент саясатындағы маңызды қағидаттардың ішінде, әсіресе «Таза Қазақстан» мен «Заң және Тәртіпті» ерекше бөліп айту керек. Оларды дәріптеп, санаға сіңіру арқылы ұлттың бойында басқа да үлкен жетістіктерге жол ашатын жақсы қасиеттерді қалыптастыруға болады. Сонда біз болашақта өзінің тиянақтылығымен, тәртібімен, еңбекқорлығымен, тазалығымен ерекшеленетін озық ойлы өркениетті ұлттардың қатарына қосыламыз», - деп түйіндеді ол.




