Петропавлда даулы сот процесі басталды. Мұнда коммерциялық банк 11 жастағы жетім қыздан марқұм анасының 90 мың теңге көлеміндегі несиесін өтеуді талап етіп отыр.
5-сынып оқушысының анасы бір жыл бұрын инфаркттан қайтыс болған. Артында өтелмеген тұтынушылық несиесі қалған. Соның салдарынан кәмелетке толмаған қыз сот дауына тартылып отыр. Оқушы сот отырыстарына қатыспайды. Оның мүддесін туған әпкесі әрі қамқоршысы Зинаида М. қорғап жүр.
Өз кезегінде қаржы ұйымының өкілі Асель Есентаева қарыз алушы қайтыс болғаннан кейін банк жеңілдік жасағанын айтты. Оның сөзінше, банк мерзімі өткен төлемдер үшін есептелген барлық өсімпұлдарды толықтай кешірген. Қаржы ұйымы тек негізгі қарыз сомасын ғана өндіріп алуды талап етіп отыр.
Қазір іс соттың қарауында. Қыздың туыстары алаңдаушылық білдіріп, бұл талап-арыздың салдарынан баланың жалғыз баспанасынан айырылып қалуы мүмкін екенін айтып отыр.




