Қазақстанда кез келген банктің клиенттері үшін ортақ QR-код арқылы төлем жасау мүмкіндігі 19 шілдеден бастап қолжетімді болады, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
Мұны Сенат отырысында Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мәлімдеді. Жаңа жүйе “Қазақстан Республикасының қаржы нарығын, байланыс саласын және банкроттық мәселелерін реттеу мен дамыту жөніндегі кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң күшіне енген соң іске қосылады.
Жоба аясында мобильді төлемдер банкаралық мобильді төлемдер жүйесіне қосылады. Осы уақытқа дейін барлық банк жүйеге қосылу үшін қажет техникалық жаңартуларды аяқтап, тестілеуден өтуі тиіс.
Ұлттық банк мәліметінше, банкаралық QR-төлемдерді енгізудегі негізгі мақсат – әртүрлі банктердің клиенттерінен төлем қабылдауды бірыңғай инфрақұрылым арқылы қамтамасыз ету.
“Бұл сауда кәсіпорындарына жеке шешімдерге тәуелділікті азайтып, әлеуетті тұтынушылар қатарын кеңейтуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар сауда нүктесіндегі терминалдар саны бұрынғыдай кәсіпкердің өз шешімі мен банк қызмет көрсету шарттарына байланысты анықталады”, – деді Сүлейменов.
Технологиялық тұрғыдан алғанда, банкаралық QR жүйесі әртүрлі банктердің клиенттерінен төлемдерді бірыңғай арна арқылы қабылдауға мүмкіндік береді.




