Todayinfo.kz
Басты тақырып

Қазақстанда жақын жылдары әділдік пен жарқын демократия орнауы мүмкін емес - Ахметбек Нұрсила

Коллаж: ozgeris Белгілі кәсіпкер, сарапшы Ахметбек Нұрсила қазіргі қазақ қоғамында орын алып жатқан жаңдайларға қатысты сараптамалық талдау жасады. Қоғамның өсіп жетілуін пассионаризм деп атап жүр. Түркменстанда. Қазақстанда, Ресейде болып жатқан мәселелер, мысалы конституцияны б

By Әмірболат Құсайынұлы··3 min read
Қазақстанда жақын жылдары әділдік пен жарқын демократия орнауы мүмкін емес - Ахметбек Нұрсила
Коллаж: ozgeris Белгілі кәсіпкер, сарапшы Ахметбек Нұрсила қазіргі қазақ қоғамында орын алып жатқан жаңдайларға қатысты сараптамалық талдау жасады. Қоғамның өсіп жетілуін пассионаризм деп атап жүр. Түркменстанда. Қазақстанда, Ресейде болып жатқан мәселелер, мысалы конституцияны биліктің өз қалауынша өзгертуі Жапонияда орын алуы мүмкін емес. Қоғам қалай қалыптасады? Ол қалай өзгереді? Қанша уақыт керек? Ол сол ұлттың тұрған аймағына, ғасырлар бойы қалыптасқан менталитетіне байланысты ма? Сарапшының пікірін Todayinfo.kz ақпараттық порталы саралап көрді. Қоғам белсендісі, сыншы қазақ қоғамында болып жатқан саяси жағдайға талдау жасап көрді.
«Бір тұлғалардың рөлі де басым болуы мүмкін бе? Ұлттың тағдыры да адамның туа біткен мінезі сияқты туа біте жазыла ма? Адамда туа біткен мінезі, яғни инстинктке жауап беретін рефлексі теріс болса, өмірі де бақытсыз болады ғой. Ұлт та солай ма? Қазақстанда әділдік орнап, демократия келуі жақын жылдары мүмкін бе?», — деп ой толғатты сыншы.
Неге Қазақстан, Өзбекстан, Әзербейжан, Қырғызстан, Түркменстанда болып жатқан мәселелер, мысалы конституцияны биліктің өз қалауынша өзгертуі Жапонияда орын алуы мүмкін емес?
«Қоғам бір заңмен, бір реформа арқылы қалыптаспайды . Қоғам дегеніміз миллиондаған адамның ортақ рефлекстері, ортақ қорқыныштары, ортақ үміттері мен тыйымдарының қосындысы. Яғни ұлттың мінезі бар. Бұл жай метафора емес, нақты әлеуметтік психология», — деп түсіндірді ол.
Лев Гумилев енгізген Пассионаризм деген ұғым бар. Оның мәні мынада: белгілі бір кезеңде халықтың ішінде энергиясы тасып тұрған, қауіптен қашпайтын, жауапкершілік алатын, құрбандыққа дайын адамдар көбейеді. Сол кезде қоғам алға жылжиды, империялар құрылады, мәдениет гүлденеді. Кейін бұл энергия сарқылады, орнына бейімделу, сақтану, тірі қалу логикасы келеді. Бұл да табиғи цикл.
«Неге Жапонияда конституцияны билік өз қалауынша өзгерте алмайды, ал посткеңестік елдерде бұл қалыпты нәрсе сияқты қабылданады. Себебі қоғамның рефлексі әртүрлі. Жапония қоғамы ғасырлар бойы тәртіп, ұят, жауапкершілік, коллектив алдындағы борыш арқылы қалыптасты. Онда жеке биліктен гөрі жүйе маңызды. Билік заңнан жоғары тұрса, бұл бүкіл қоғам үшін ұят. Бұл сыртқы заң емес, ішкі тыйым. Ал ішкі тыйым ең мықты тыйым», — деді сарапшы.
Қазақстан, Өзбекстан, Әзербейжан, Қырғызстан, Түркменстан сияқты елдерде тарих мүлде басқа. Ғасырлар бойы сыртқы қауіп, отарлау, күшті орталыққа бағыну, аман қалу бірінші орында болды. Мұндай ортада қоғамда мынадай бейсаналы бағдарлама қалыптасады. Билікке қарсы шықпа, басыңды сақта, әділдік емес, тыныштық маңызды. Бұл жамандық емес, бұл тірі қалу стратегиясы.
«Сол үшін қоғамның әділетке емес, тұрақтылыққа көбірек мән беруі заңды. Бұл қоғамның хайуани миы әлі де қауіп режимінде өмір сүріп жатқанын көрсетеді. Енді тұлғалардың рөліне келейік. Иә, тұлғалардың рөлі өте маңызды. Бірақ бір шектеумен. Бір тұлға қоғамды өзінен жоғары деңгейге ұзақ уақытқа көтере алмайды. Ол тек қоғам дайын тұрған деңгейді аша алады. Егер қоғамның ішкі сұранысы жоқ болса, ең данышпан реформатор да не құлайды, не диктаторға айналады. Тарихта болған барлық ұлы тұлғалар пассионарлық толқынның үстінде пайда болды. Олар толқынды тудырған жоқ, олар оны бағыттады. Ал толқын жоқ жерде лидер не жойылады, не халықтан бөлініп кетеді», — деді Ахметбек Нұрсила.
«Алаш ардақтыларының, ДВК ның, қазіргі түрмеде жатқан Думандардың өмірі осыған дәлел. Ұлттың тағдыры да, адамның мінезі сияқты туа біте жазылады, өте ауыр, бірақ шындық осы. Адамның мінезі қалай болса, тағдыры да сондай ғой. Толық жазылады деу фатализм болар еді. Бірақ мүлде таза парақ деп айту да шындыққа жанаспайды. Ұлттың тұрған жері, климаты, көршілері, тарихтағы соғыстар, ашаршылық, отарлау бәрі оның жүйке жүйесін қалыптастырады. Бұл жеке адамның балалық шағымен бірдей», — деп түйіндеді ол. Жарақат көрген бала сақ болады, сенбейді, тәуекелден қашады. Сол сияқты тарихи жарақаты бар ұлт та әділдікке емес, қауіпсіздікке бірінші қарайды. Бұл ұят емес, бұл жараның белгісі. Қазақстандағы жағдайға келсен жақын жылдары толық әділдік пен кемел демократия орнайды деп күту мүмкін емес, ол қиял. Себебі қоғамның көп бөлігінде әлі де ішкі құлдық сана отыр. Көп адам әділдікті қалайды, бірақ соның салдарын көтеруге дайын емес. Ал демократия дегеніміз тек құқық емес, жауапкершілік.
«Бірақ бұл үміт жоқ деген сөз емес. Қоғам бір күнде емес, ұрпақ арқылы өзгереді. Әдетте 2–3 ұрпақ керек. Бұл шамамен 50–70 жыл. Сол уақыт ішінде жаңа түсініктер, жаңа құндылықтар қалыптасады. Білім емес, мінез өзгереді», — деді ол.
Ең маңыздысы мынау. Қоғам жоғарыдан емес, төменнен өзгереді. Әрбір адам өз ішіндегі ар ұятын жетілдіріп , жан сақтау рефлексіне ермей, жауапкершілік алып, әділдікті өз өмірінде іске асырса, сол микродеңгейдегі өзгерістер жиналып, бір күні макродеңгейге өтеді. Басқа жол жоқ.
«Қысқасы, ұлт та адам сияқты. Жарақаты бар. Инстинкті бар. Рефлексі бар. Оны бір бұйрықпен емес, ұзақ тәрбиемен ғана өзгертуге болады. Сіз бен біз осымен айналысуымыз керек», — деп жазды Ахметбек Нұрсила.

Related