Түркістан облысында алма бақтары мен жеміс-жидек өсіру қарқынды дамып келеді. Өңірдің аграрлық секторында жеміс-жидек бағытына ерекше көңіл бөлініп, ауыл шаруашылығының маңызды саласына айналуда. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, бүгінде өңірде жеміс-жидек ағаштары 17,9 мың гектарға егілген. Оның ішінде 5,4 мың гектарды қарқынды алма бау-саябақтары алып жатыр. Түркістан облысы Қазақстандағы жеміс-жидек ағаштарының 43%-ын құрайды. Бұл көрсеткіш өңірдің ауыл шаруашылығында жеміс-жидек бағытының қаншалықты маңыздылығын айқындайды.
Облыста алмадан басқа алмұрт, өрік, шие, шабдалы, қара өрік сияқты түрлі жеміс-жидек түрлері өсіріледі. Бұл бағыттағы жұмыстың нәтижесі де айтарлықтай жоғары. Дәстүрлі баулардан гектарына 60-70 центнер өнім алынса, қарқынды баулардан бұл көрсеткіш 300-350 центнерге дейін жетеді. Бұл өнімділік қарқынды бау шаруашылығының тиімділігін көрсетеді. Негізінен қарқынды бау-саябақтар Түлкібас, Төлеби, Қазығұрт және Сайрам аудандарында орналасқан.
Өткен жылдағы жеміс-жидек өнімдері
2023 жылы жеміс-жидек ағаштарынан 116,9 мың тонна өнім жиналған. Оның ішінде:- 95,8 мың тонна – алма,
- 3,6 мың тонна – алмұрт,
- 7,4 мың тонна – сары өрік,
- 4,2 мың тонна – шие,
- 2,4 мың тонна – шабдалы,
- 3,3 мың тонна – қара өрік,
- 1,8 мың тонна – жидектер.
Инвестиция және мемлекеттік қолдау
Қарқынды бау шаруашылығының дамуы тек жергілікті шаруалардың ғана емес, шетелдік инвесторлардың да қызығушылығын арттырып отыр. Облыс әкімдігі осы бағытта тұрақты түрде инвесторлар тарту жұмыстарын жүргізіп, жаңа технологиялар мен әдістерді енгізуде. Жеміс-жидек өсіру ісінде мемлекет тарапынан да ауқымды қолдау көрсетілуде. Атап айтқанда, жеміс ағаштарын өсірумен айналысатын шаруашылықтарға түрлі субсидиялар қарастырылған. Оларға:- Тыңайтқыштардың құнын субсидиялау бағдарламасы арқылы минералды тыңайтқыштардың 50% өтеледі.
- Пестицидтер мен гербицидтердің құнын субсидиялау арқылы зиянды организмдерге қарсы қолданылатын препараттардың 50% өтеледі.
- Инвестициялық салымдарды субсидиялау бағдарламасы бойынша 5 гектардан бастап қарқынды алма бағын отырғызуға жұмсалған шығынның 40% (бір гектарға есептелетін максималды құн – 21 млн теңге) өтеледі. Ал 5 гектардан бастап басқа жеміс-жидек ағаштарын отырғызуға жұмсалған шығынның 25% субсидияланады.
- Тұқым шаруашылығын қолдау бағдарламасы арқылы көшеттердің 50% субсидиялау мүмкіндігі бар.




