Түркістан өңірінде алдағы ауқымды саяси шара – Құрылтай сайлауына дайындық жұмыстары қарқынды жүруде. ҚР Орталық сайлау комиссиясының нұсқаулығына сәйкес, облыста сайлаушыларды ақпараттандыру, инфрақұрылымды әзірлеу және дауыс берушілерге барынша қолайлы жағдай жасау бойынша кешенді шаралар іске асырылып жатыр.
Бүгінгі саяси науқандардың басты талабы – ашықтық пен қолжетімділік. Осы орайда Түркістан облыстық сайлау комиссиясының ресми интернет-ресурсында арнайы «Құрылтай» бөлімі іске қосылды. Мұнда азаматтар үшін ең маңызды ақпараттар, атап айтқанда, «Құрылтай-2026» тағайындау туралы ҚР Президентінің Жарлығы, сайлау комиссияларының нақты құрамдары мен учаскелердің шекаралары және сайлаушыларға арналған анықтамалық мәліметтер шоғырландырылған. Тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын заманауи форматта жүргізу мақсатында сайтта аудио-бейне материалдар, медиа-контент пен арнайы инфографикалар тұрақты түрде жарияланып тұрады. Дәл осындай форматтағы интернет-ресурстар мен әлеуметтік желідегі парақшалар арқылы насихат жұмыстары облыстың барлық аудандары мен қалаларында бірдей қарқын алған.
Үгіт-насихат кезеңінде үміткерлерге де тең мүмкіндіктер қарастырылған.
Бұл жолғы саяси шараның басты ерекшелігі – дауыс берушілер үшін барынша ыңғайлы цифрлық шешімдердің енгізілуі болып табылады. Қазірдің өзінде облыс әкімдігінің ресми интернет-ресурстарында «Өз сайлау учаскеңізді табыңыз» онлайн сервисі іске қосылды. Ал Құрылтай өтетін күні облыс бойынша 557 сайлау учаскесінде осы онлайн сервис тікелей қолжетімді болады. Әр учаскеге комиссияның 2 мүшесі бекітіліп, олар тіркеуіне күмәні бар азаматтардың мәліметтерін «электрондық үкімет» (eGov) порталы арқылы сол жерде-ақ тексеріп береді.

Сондай-ақ, тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркеуі жоқ азаматтардың да конституциялық құқығы шектелмейді. Облыс көлеміндегі 22 сайлау учаскесінде «Шағын ХҚКО» (ЦОН) жұмыс істейтін болады. Бұл жүйе «Құрылтай-2026» күні дауыс берушілерді дәл сол учаскеге бір күнге уақытша тіркеп, өз таңдауын жасауына мүмкіндік береді. Кез келген сұрақ бойынша азаматтарға кеңес беру үшін облыста «109-бірыңғай» Call-орталығы үздіксіз қызмет көрсетеді және барлық аудан мен қалаларда арнайы жауапты мамандар бекітілген сенім телефондары іске қосылған. Түркістан облысының бұл дайындық деңгейі алдағы маңызды саяси науқанның жоғары ұйымдастырушылық деңгейде, ашық әрі әділ өтетініне кепіл болады.




