Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында профилактикалық шаралар жүзеге асырылып жатқанын хабарлады. Аталған шаралар алдын алу сипатында болып, ең алдымен халықтың өмірі мен денсаулығын қорғауға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және қауіпсіз қоғамдық орта қалыптастыруға бағытталған, деп жазады Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
2024 жылғы 12 наурыздан бастап «Цифрлық кодекс» аясында Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 31-бабына енгізілген өзгерістер күшіне енді. Бұл өзгерістер технологиялардың дамуы мен процестердің цифрландырылуына байланысты қабылданып, жол қауіпсіздігін қамтамасыз етудің тиімділігін арттыруды және құқық бұзушылықтардың алдын алуды көздейді.
"Маңыздысы — жаңа тыйымдар енгізілген жоқ. Тек бұрыннан бар құқық бұзушылықтарды анықтаудың техникалық мүмкіндіктері кеңейтілді. Бұған дейін ұялы телефон пайдалану, қауіпсіздік белдігін тақпау және өзге де бұзушылықтар полиция қызметкерлері тарапынан тіркелсе, енді заманауи технологиялар арқылы анықталуы мүмкін. Яғни заң талаптары өзгермейді, тек оларды тіркеу тәсілдері жаңартылуда", - деп хабарлады todayinfo порталының ресми сауалхатына.
Бұған дейін автоматты режимде мынадай құқық бұзушылықтар тіркелетін:
жылдамдықты арттыру, бағдаршамның тыйым салатын сигналына өту, жол белгілері мен таңбаларын сақтамау, дұрыс тоқтамау немесе тұраққа қою, озу және жолда орналасу ережелерін бұзу, сондай-ақ жаяу жүргіншілерге жол бермеу.
Енді құқық бұзушылықтарды тіркеудің үш негізгі тәсілі қарастырылып отыр:
-
классикалық бейнебақылау камералары арқылы тіркеу жалғасады;
-
арнайы өлшеуді қажет етпейтін бұзушылықтарды анықтайтын автоматтандырылған камералар (мысалы, көлік жүргізу кезінде телефон пайдалану, қауіпсіздік белдігін тақпау);
-
бірыңғай жүйеге біріктірілген мемлекеттік дерекқорлар арқылы анықтау (техникалық байқаудан өтпеу, сақтандыру полисінің болмауы сияқты жағдайлар).
Сонымен қатар, жүйе заңда көзделген жағдайларда құқық бұзушылықтар бойынша автоматты түрде ескерту шығаруға мүмкіндік береді. Бұған дейін мұндай рәсімдер полиция қызметкерінің қатысуымен жүргізілсе, енді цифрлық форматта автоматтандырылған.
БАҚ-та тараған «жаяу жүргіншілер де автоматты түрде жауапкершілікке тартылады» деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Автоматты тіркеу жүйелері тек көлік құралдарының жол қозғалысы ережелерін бұзуын анықтауға арналған.
Айта кету керек, қазіргі таңда автоматты камералар сынақ режимінде жұмыс істеуде. Осыған байланысты тіркелген құқық бұзушылықтар бойынша нақты статистикалық деректер жарияланбайды.
Жалпы алғанда, енгізіліп отырған өзгерістер жол және қоғамдық қауіпсіздікті арттыруға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған.




