Ақмола облысы Аршалы ауданындағы Волгодоновка ауылында кәсіпкер бірнеше жыл бұрын өз қаражатына ауыл балалары үшін ойын алаңын салған. Алайда алаңда ойнап жүрген балалардың бірі жаратқат алып, сот оған 1,25 миллион теңге өтемақы төлеуге міндеттеді, деп хабарлайды Toadyinfo.kz ақпарат агенттігі.
Halyqstan Telegram арнасының мәліметінше, кәсіпкер 2025 жылы бос жатқан жерге балаларға арналған ойын кешенін, әткеншектер мен ағаштан жасалған күрке орнатқан. Алайда сол жылы ойын алаңында қайғылы оқиға болып, сырғанақтан сырғанап жүрген кішкентай қыз құлап, басын жарақаттап алған. Кейін қыздың анасы сотқа жүгініп, ойын алаңы қауіпсіздік талаптарына сай болмағанын айтты. Оның сөзінше, сырғанақтың маңында арнайы жабын болмаған.
Бір жылға жуыққа созылған сот процесінен кейін сот талап-арызды қанағаттандырып, кәсіпкерді зардап шеккен қыздың отбасына материалдық және моральдық шығын үшін 1,25 миллион өтемақы төлеуге міндеттеді. Алайда кәсәпкердің өзі бұл шешіммен келіспейді. Десе де ол сот шешімін орындайтынын айтты.
“Бала ойын алаңында ересектердің қарауынсыз болған, ал орнатылған сырғанақ арнайы қауіпсіз пластиктен жасалған”, – дейді ол.
Осы жағдайдан кейін кәсіпкер ойын алаңын толықтай бұзып тастады. Ойын құрылғылары мен ағаш күрке көрші ауданға берілген. Ал Волгодоновка ауылындағы аумақ, кәсіпкердің айтуынша, бұрынғы қаз қалпына қайта келді.
Бұл оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырды. Әлеуметтік желі қолданушылары кәсіпкерді қолдап, өтемақының сомасын жинауға көмектесуді ұсынды.
Алайда кәсіпкер қаржылай көмектен бас тартып, сот шешімін өз күшімен орындайтынын айтты. Оның сөзінше, балалар үшін салынған ойын алаңын бұзу оңай болмаған. Бірақ болған оқиғадан кейін ол мұндай жауапкершілікті енді өз мойнына алуға дайын емес екенін жеткізді.




