Танымал әнші әрі актриса Айгүл Иманбаева әлеуметтік желідегі парақшасында өзіне қатысты жағымсыз жағдай болғанын айтып, көпшілікті таңғалдырды, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
Өнер иесінің айтуынша, ол бір жылдан бері жалғасып келе жатқан жағдайдың мән-жайын жуырда анықтаған. Сонымен қатар мұндай әрекетті кім жасауы мүмкін екенін де сезетінін жеткізді.
«Жаудың алыстан келмейтінін жақсы білемін. Мына сұмдықты кеше таптық, бір жылдан бері жалғасып келген екен. Адамды осыншалықты жек көруге, қызғануға бола ма? Құдайдан неге қорықпайсыңдар? Мұның бәрін кім жасап жатқанын да білемін, жүрек бәрібір сезеді. Бірақ аттарын атап, түстерін түстемей-ақ қояйын. Неге өздеріңді, болашақ ұрпақтарыңды ойламайсыңдар? XXI ғасырда өмір сүріп жатқан жоқсыңдар ма, әлде қай ғасырда қалып қойғансыңдар?» – деп жазды Айгүл Иманбаева.
Әнші жазбасында нақты қандай жағдай туралы айтып отырғанын ашып көрсетпегенімен, бұл пікірі әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу талқыланып жатыр.




