Моңғолияда ел тарихындағы бірнеше маңызды мерейтойға арналған Ұлттық Наадам мерекесінің ресми ашылуы өтті. Биыл моңғол мемлекетінің құрылғанына – 2235 жыл, Ұлы Моңғол империясының негізі қаланғанына – 820 жыл, ұлттық егемендік пен тәуелсіздіктің қалпына келтірілгеніне – 115 жыл, Халық революциясының жеңісіне – 105 жыл және Демократиялық революцияның жеңісіне – 36 жыл толып отыр.

Салтанатты шара Ұлан-Батыр қаласындағы орталық стадионда ұйымдастырылды. Ашылу рәсімінде Моңғолия президенті Ухнаагийн Хүрэлсүх құттықтау сөз сөйлеп, Наадамның ел тарихы мен ұлттық болмысындағы айрықша орнына тоқталды.

Мерекеге құрметті қонақ ретінде Моңғолияға мемлекеттік сапармен келген Корея Республикасының президенті Ли Чжэ Мён жұбайы Ким Хе Гёнмен бірге қатысты. Сапар Моңғолия президенті Ухнаагийн Хүрэлсүхтің шақыруымен жүзеге асты.

Мемлекет басшысы өз сөзінде Наадамның бастауын ата-бабалар құрған Ғұн империясы дәуірінен алатынын атап өтті. Оның айтуынша, бұл мереке мемлекетшілдік дәстүрді, тарихи-мәдени мұраны, моңғол халқының бірлігі мен ынтымағын, сондай-ақ елдің тәуелсіздігі мен дамуын дәріптейтін ұлттық құндылықтардың бірі саналады.