Todayinfo.kz тілшісі Алматы облысы Кеген ауданындағы Көлсай мен Қайыңды көлдеріне ұйымдастырылған баспасөз турына қатысып, ұлттық паркте соңғы жылдары жүзеге асқан өзгерістер мен алдағы жоспарлармен танысып қайтты.
«Парктер шеруі» аясындағы баспасөз туры
«Парктер шеруі» халықаралық табиғатты қорғау акциясының қорытынды жиыны аясында өткен пресс-тур барысында журналистерге «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің қызметі таныстырылып, туристік инфрақұрылымдағы жаңашылдықтар көрсетілді.

Парктер шеруінде қалдықтарға екінші өмір сыйлау көрмесі ұйымдастырылып, мектеп оқушылары тұрмыстық қалдықтардан жасалған түрлі қолөнер бұйымдарын көпшілік назарына ұсынды. Көрме барысында жас экологтар қоршаған ортаны қорғау мен қалдықтарды қайта өңдеудің маңызын насихаттап, шығармашылық жұмыстарын таныстырды.
Туристер саны жоспардан асып түсті
Баспасөз туры кезінде «Көлсай көлдері» МҰТП директорының орынбасары Хамит Ахметов ұлттық парк жұмысының нәтижелері туралы баяндады.

Оның айтуынша, 2025 жылы ұлттық парк аумағына 600 026 адам келген. Бұл жоспарланған көрсеткіштен 150 мың адамға артық. Оның ішінде 128 160-ы шетелдік туристер.
Todayinfo.kz тілшісі сапар барысында Көлсай мен Қайыңды көлдеріне келушілер санының жыл сайын артып келе жатқанын және өңірдің шетелдік саяхатшылар арасында да танымал бағытқа айналғанын өз көзімен көріп, саралады. Табиғи нысандарға Үндістан, Жапония, Қытай, Корея, Малайзия, Түркия, Франция, Англия және Ресейден келген туристер ерекше қызығушылық танытып отыр.
Туризмнен түскен табыс көлемі артқан

Ұлттық парк мәліметінше, өткен жылы туристік-рекреациялық қызметтен түскен табыс көлемі 546,4 миллион теңгені құрады. Қазіргі таңда парк аумағында 9 туристік маршрут жұмыс істейді. Соның ішінде «Саты ауылы – Қайыңды көлі» және «Төменгі Көлсай көлі – Сарыбұлақ асуы» бағыттары ең көп сұранысқа ие.
Инфрақұрылым жаңарып жатыр
Пресс-тур барысында журналистер жаңадан салынған жаяу жүргіншілер жолдарын, көру алаңдарын, демалыс орындарын, көпірлер мен фотозоналарды аралап көрді. Сонымен қатар бақылау-өткізу бекеттерінің жаңартылғаны, электронды төлем және автоматтандыру жүйелерінің енгізілгені таныстырылды.

Ұлттық парк аумағында туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылған. Соның ішінде 112 жедел құтқару қызметімен байланыс орнатуға мүмкіндік беретін арнайы құтқару бекеті салынған. Бұл нысан төтенше жағдай туындаған кезде жедел әрекет етуге және туристерге уақытылы көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Мамандардың айтуынша, келушілер санының артуына байланысты қауіпсіздік мәселесіне ерекше көңіл бөлініп отыр.
Экологиялық туризмнің жаңа орталығы
Мамандардың пікірінше, Көлсай көлдері мен Қайыңды көлі Қазақстандағы экологиялық туризмнің басты орталықтарының біріне айналып келеді. Туристік инфрақұрылымның жақсаруы мен келушілер санының тұрақты өсуі өңірдің халықаралық деңгейдегі туристік әлеуетінің артып келе жатқанын көрсетеді.

Алдағы уақытта ұлттық парк аумағында жаңа туристік нысандарды дамыту, сервистік қызмет сапасын арттыру және табиғи экожүйені сақтай отырып тұрақты туризм қағидаттарын енгізу жоспарланып отыр. Бұл жұмыстар Көлсай мен Қайыңды көлдерінің әлемдік деңгейдегі туристік бағыт ретінде танымал болуына ықпал етеді.




