Шымкентте оқу-жаттығу жиыны кезінде ауыр жарақат алып, бір көзінен айырылған бұрынғы полицей Бақдәулет Қалаубаев төрт жылдан бері әділдікке қол жеткізе алмай жүр, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
Ішкі істер органдарында 13 жыл қызмет еткен Бақдәулет қазір үшінші топ мүгедегі. Оның айтуынша, қайғылы оқиға 2022 жылы Ақтастағы полигонда болған. Граната лақтыру жаттығуы кезінде ұшқын оның көзіне тиіп, салдарынан бір жанарынан толық айырылған.
Бұрынғы тәртіп сақшысы екінші көзінің де көру қабілеті күн санап нашарлап бара жатқанын айтып шағымданды. Ол төрт жылдан бері аурухана мен прокуратура табалдырығын тоздырып, әділдік іздеп сандалғанын жеткізді.
"Денсаулығымнан айырылып, енді далада қалғандай күй кешіп жүрмін. Ешкімге керегім болмай қалды", - дейді Қалаубаев.
Алайда облыстық полиция департаменті бұл оқиғада ешқандай заңбұзушылық болмағанын мәлімдеді. Ведомствоның баспасөз қызметі тексеру жүргізіліп, тиісті қорытынды шығарылғанын алға тартады.
Фото: Әлеуметтік желіден




