2026 жылдың басынан бастап Қазақстанда жаңа Салық кодексі күшіне еніп, азаматтарды зейнетақы жинақтарынан төленетін жеке табыс салығынан (ЖТС) толықтай босатты. Бұл өзгеріс бұрын зейнетақы жинағынан салық төлеген немесе төлеуді кейінге қалдырған адамдарға да оң әсерін тигізді.
Бұл туралы Todayinfo.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұған дейін ЕНПФ-тен кез келген төлем түрінде ақша алу кезінде мемлекет 10% ЖТС ұстайтын. Жаңа ереже бойынша, енді бұл салық барлық жинақ түріне — міндетті, кәсіби және ерікті жинақтарға — қолданылмайды. Яғни, азаматтар зейнетақы жинақтарын толық көлемде алады.
Салық қарызы кешірілді: кімдерге қатысты?
Сонымен қатар, бұған дейін зейнетақы жинақтарының "артық бөлігін" баспана мәселесін шешу немесе ем-дом үшін алған азаматтарға салықты кейін төлеу құқығы берілген еді. Олар салығын 16 жыл ішінде біртіндеп төлеуге міндетті болатын.
Алайда жаңа заңға сай, 2026 жылдан бастап бұл кейінге шегерілген салықтық міндеттемелер толығымен жойылды. Мемлекет бұл борыштарды кешірді, енді ол азаматтар бұл сомаларды мүлде төлемейді.
Салықты ерте төлегендерге қайтарым болмайды
Айта кету керек, салық реформасы бұрын салықты бірден төлегендерге өтемақы қарастырмайды. 2025 жылдың 31 желтоқсанына дейін төленген салық сомалары бюджетке түскен қаражат ретінде саналып, қайтарылмайды.
Жаңа ережелер тек 2026 жылдан бастап берілетін төлемдерге және бұрынғы кейінге қалдырылған міндеттемелерге ғана қатысты.
Енді ерікті зейнетақы жарналарына да жаңалықтар енгізілді. Бұрын жарна салу кезінде салықтық жеңілдік берілсе, енді жарнаның өзі емес, кейін алынатын жинақтардан салық алынбайды. Бұл өзгеріс жеке тұлғаларға қатысты, ал жұмыс берушілер үшін бұрынғы салықтық артықшылықтар сақталады.
Алайда бұл жеңілдіктер елімізден тыс тұрақты тұруға кеткен азаматтарға жүрмейді. Егер адам шетелге тұрақты көшіп кетсе, зейнетақы ақшасын алған кезде толықтай ЖТС ұсталатын болады.
Осы реформаның нәтижесінде бюджет 4,1 миллиард теңге шамасында шартты шығынға ұшырауы мүмкін. Бірақ Үкімет бұл әлеуметтік маңызы бар қадам деп санап, шешімді орынды деп отыр.




