Солтүстік Қазақстан облысында жүкті әйел ауруханаға жеткізіліп бара жатқан жолда қайтыс болды. Марқұмның туыстары қайғылы жағдайға жолдың сапасыздығы да себеп болуы мүмкін деп есептейді.
Astana TV мәліметінше, жүктілігінің соңғы айларында болған Дарима Сагдеева 3 шілде күні өзін жақсы сезінген. Алайда кешке қарай оның жағдайы күрт нашарлап, есінен танып қалған.
Марқұмның жұбайының айтуынша, әйелді түнде жедел жәрдеммен Пресновка ауылындағы аудандық ауруханаға жеткізген. Өзі жеке көлігімен артынан барған.
Оның сөзінше, жолдың ой-шұңқырлы болуына байланысты жедел жәрдем көлігі өте баяу қозғалған. Әрбір кедір-бұдыр әйелдің ауырсынуын күшейткендіктен, көлік бірнеше рет тоқтауға мәжбүр болған.
Кейін науқасты реанимобильге ауыстырған. Жұбайының айтуынша, небәрі 37 шақырым жолды жүріп өтуге шамамен бір жарым сағат кеткен.
Әйел ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмаған. Дәрігерлердің мәліметінше, жолда науқастың жүрегі екі рет тоқтаған. Алдын ала мәлімет бойынша, өлімге жатырдың жыртылуы мен ішкі қан кету себеп болған.
Оқиғадан кейін полиция әйелдің өліміне қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастады. Тергеу нәтижесі бойынша процессуалдық шешім қабылданады.
Марқұмның туыстары оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты әрі объективті тергеуді талап етіп отыр.
Осы қайғылы жағдайдан кейін жергілікті билік Пресновка – Қайранкөл автожолын үш кезеңмен жөндеу жоспарланғанын хабарлады. Қазіргі уақытта алғашқы учаскеге арналған жобалық-сметалық құжаттама сараптамадан өткен. Жақын уақытта мердігер анықталып, жөндеу жұмыстарын бастау көзделіп отыр.
Дереккөз: Ulysmedia



