Todayinfo.kz
NewsView all articles

Абай облысында үлкен құрылыс басталады: әкім Наурызда сүйінші хабар жеткізді

Абай облысында Наурыз тойланып жатыр. Облыс әкімі Берік Уәли өңірде ірі құрылыс жұмыстары басталатынын ресми түрде жариялады.

By Мұхтар Жексенбай··2 min read
Абай облысында үлкен құрылыс басталады: әкім Наурызда сүйінші хабар жеткізді

Абай облысында Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы кең көлемде тойланып жатыр. Биылғы мерекелік шаралар тек 22 наурызбен шектелмей, Мемлекет басшысы бекіткен «Наурызнама» тұжырымдамасына сәйкес онкүндік форматында өтуде, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.

Облыс орталығы Семей қаласында мереке орталық алаңдағы театрландырылған қойылымнан басталды. Облыс әкімі Берік Уәли өңір тұрғындарын мерекемен құттықтады.

«Баршаңызды Ұлыстың ұлы күні, жыл басы – Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын! Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістандағы құттықтауында атап өткендей, Наурыз – тазаратын, жаңаратын мезгіл. Тазалық дегеніміз, ең алдымен, ой тазалығы, сана мен ниет тазалығы. Бұл мереке – жаңарудың, татулықтың, халық бірлігін нығайту мен игі істерге ұмтылудың символы», - деді өңір басшысы.

Сондай-ақ әкім биылғы Наурыз «Семейдің мәдени маусымдары» жаңа жобасы аясында өтіп жатқанын және «Семей көктемі» шарасының негізгі оқиғаларының бірі екенін атап өтті. Ол алдағы уақытта өңірде жүзеге асырылатын ауқымды жобалар туралы да айтты.

«Биыл өңір үлкен құрылыс алаңына айналады. Мемлекет басшысының бастамасымен «Абайға құрмет» акциясы басталды, Үкіметтің тиісті қаулысы да қабылданды. Өткен жылы біз үлкен дайындық жұмыстарын жүргіздік, яғни өңірлермен, ұлттық компаниялармен және басқа да ұйымдармен жобаларды келістік. Жақын арада құрылыс жұмыстарын бастаймыз», - деді Берік Уәли.

Семейдегі негізгі мерекелік шаралар орталық алаңда өтті. Мұнда 12 киіз үй тігіліп, олардың әрқайсысына Абай, Шәкәрім, Әнет баба сияқты тарихи тұлғалардың және Біржан мен Сара айтысының 155 жылдығы, Әлихан Бөкейхан, Ыбырай Алтынсарин, Исатай Тайманов, Қажымұқан Мұңайтпасов, Қайым Мұхамедханов, Жамбыл Жабаев, Дина Нұрпейісова және Ермек Серкебаевтың мерейтойларына орай атаулар берілді.

Барлық киіз үйде қазақ халқының салт-дәстүрлері көрсетіліп, халық қолөнерінің көрмелері ұйымдастырылды. Қалалық Арбат аумағында жастарға арналған шеберлік сабақтары, викториналар, квесттер мен шығармашылық байқаулар, сондай-ақ заманауи технологиялар таныстырылған IT және жасанды интеллект аймағы жұмыс істеді. Ұлттық спорт алаңында қазақ күресі, арқан тарту, аударыспақ сияқты спорт түрлерінен жарыстар өтті.

Күндізгі бағдарламада Тоқтар мен Бейбіт, AGUGAI тобы және «Жігіттер» ұжымы өнер көрсетсе, кешкі концертте Диана Исмайл, Alem және Баян Сұлу өнерпаздары өнерлерін паш етеді.

Мерекелік іс-шаралар қаланың басқа аудандарында да ұйымдастырылды. Атап айтқанда, Мұхтар Әуезов алаңында, теміржол вокзалының маңында, Қарағайлы шағын ауданында, «Әсем» сауда үйі мен былғары-тері зауыты аумағында киіз үйлер тігілді. Жалпы қала бойынша 18 киіз үй құрылып, тұрғындарға мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Фото: Әлеуметтік желіден

Related

Абай облысында үлкен құрылыс басталады: әкім Наурызда сүйінші хабар жеткізді · Todayinfo