Алматы әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс сапары аясында Абай және Рысқұлов даңғылдарын, сондай-ақ Саин көшесін Үлкен Алматы айналма автомобиль жолына (ҮАААЖ) дейін ұзарту жобаларын жүзеге асыру барысымен танысты.

WhatsApp Image 2026-07-22 at 14.34.37.jpeg

Бүгінде нысандардың құрылыс дайындығы шамамен 50%. Жоба аясында Ақсай өзеніндегі көпірлерді, ҮАААЖ мен теміржол желілері арқылы өтетін жол өткелдері секілді жасанды инженерлік құрылыстар салынып жатыр.

Сонымен қатар жер телімдерін сатып алу жұмыстары жалғасып келеді. Абай даңғылы бойынша 82 жер учаскесінің 71-і, Рысқұлов даңғылы бойынша 190 жер учаскесінің 172-сі сатып алынған. Ал Саин көшесі бойындағы жер телімдерін сатып алу рәсімі толық аяқталды.

WhatsApp Image 2026-07-22 at 14.34.35.jpeg

Дархан Сатыбалды аталған жобалардың жүзеге асырылуы Алматы агломерасындағы көлік қатынасын едәуір жақсартып, қалаға кіреберістегі негізгі магистральдарға түсетін жүктемені азайтатынын айтты.

«Былтыр қала бюджеті есебінен облыс аумағындағы жер учаскелерін сатып алу жұмыстарын аяқтап, Үлкен Алматы айналма автомобиль жолына дейінгі жолды өз күшімізбен аяқтау туралы шешім қабылдадық. Барлық жоба біздің қарамағымызға берілді. Қазір оларға түзетулер енгізіліп жатқанымен, құрылыс жұмыстары тоқтаған жоқ. Қажетті қаржы толық қарастырылған, мердігер ұйым анықталған. Сондықтан биылдың өзінде Абай даңғылы мен Саин көшесін Үлкен Алматы айналма автомобиль жолына дейін ұзарту арқылы көлік қозғалысын қамтамасыз етуді тапсырамын», – деді Дархан Сатыбалды.

WhatsApp Image 2026-07-22 at 14.34.38.jpeg

Айта кету керек, алдағы уақытта Алматыны Үлкен Алматы айналма автомобиль жолымен алты радиалды магистраль арқылы байланыстыру жоспарланып отыр. Абай және Рысқұлов даңғылдары мен Саин көшесінен бөлек, Тілендиев, Ақан Сері көшелері мен Солтүстік айналма көшесін ұзарту жұмыстары да жалғасып отыр.