Todayinfo.kz
NewsView all articles

Әлихан Бөкейханов туралы жаңа кітап: сирек фотолар мен тың деректер жарияланды

Алматыда Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың 160 жылдығына орай жаңа кітап таныстырылды. Еңбекте бұрын жарияланбаған сирек фотолар бар.

By Мұхтар Жексенбай··1 min read
Әлихан Бөкейханов туралы жаңа кітап: сирек фотолар мен тың деректер жарияланды

Алматыда «Алаш» қозғалысының көшбасшысы Әлихан Бөкейхановтың 160 жылдығына орай жаңа кітаптың тұсаукесері өтті. «Әлихан Бөкейхан. Қазақстанның тұңғыш премьер-министрі» атты бұл еңбекте ұлт көсемінің өміріне қатысты сирек фотосуреттер мен тың деректер топтастырылған, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.

Кітаптың таныстырылымы «Чехия, Словакия және Жапония архивтеріндегі Әлихан Бөкейхан бейнесі мен Алаш Орда тарихы» атты халықаралық конференция аясында ұйымдастырылды. Екі тілде (қазақша және орысша) жарық көрген бұл туындыны Central Asia Production баспасы KAZ Minerals тобының қолдауымен шығарған.

Авторлар кітапта Бөкейхановтың балалық шағынан бастап, оқу жылдары, ғылыми қызметі және ХХ ғасырдың басындағы саяси күрес кезеңдерін жан-жақты қамтыған. Бұрын жарияланбаған архивтік құжаттар, сирек кездесетін фотосуреттер мен замандастарының естеліктері оқырманға Алаш көсемінің тұлғасын тереңірек тануға мүмкіндік береді.

KAZ Minerals тобы бұл жобаны Қазақстанның тарихи мұрасын сақтау және ұлттық сананы нығайтуға бағытталған мәдени бастамаларының бір бөлігі ретінде қолдаған.

"Әлихан Бөкейхановтың Қазақстан тарихындағы алар орны ерекше. Оның білім беру, ғылым, экономика мен мемлекеттілік жайлы идеялары өз заманынан озық болды. Мұндай жобаларды қолдау — тарихи сананы сақтап, еліміздің тарихында өшпес із қалдырған тұлғаларға құрмет көрсетуге қосқан үлесіміз", - деп атап өтті «KAZ Minerals Management» ЖШС басқарма төрағасы Эльдар Мамедов.

Жоба авторы, режиссер Берік Барысбековтің айтуынша, кітапты әзірлеу үшін Қазақстан мен Ресейде ауқымды зерттеу жұмыстары жүргізілген.

"Бұл жұмысқа бірнеше жыл жұмсалды. Біз Қазақстанды аралап, оның туған жері Қарқаралыда, Семейдегі музейлерде, сондай-ақ Астана, Алматы және Мәскеу қалаларында зерттеу жүргіздік. Мәтінді сирек фотолармен және архивтік деректермен үйлестіріп, оқырманға тарихты тереңірек сезінуге мүмкіндік беретін формат ұсындық деп ойлаймын", - дейді жоба авторы Берік Барысбеков.

Осы жоба аясында «Әлихан Бөкейхан. Қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» атты деректі фильм де түсірілгені белгілі болды.

Фото: KAZ Minerals

Related

Әлихан Бөкейханов туралы жаңа кітап: сирек фотолар мен тың деректер жарияланды · Todayinfo