Танымал отандық блогер Ақбота Нұрахынның туған күні желіде қызу талқыға түсті. Дүркіреп өткен мерекелік кештің ерекшелігі сол – иесі келген қонақтарды құр қол қайтармаған, керісінше, қымбат бағалы сыйлықтармен таңғалдырған.
Әлеуметтік желіде тараған видеолардан блогердің туған күніне жиналған барлық нәзік жандыларға арнайы сыйлық дайындағанын көруге болады. Қорапшалардың ішінде жай ғана кәдесый емес, гауһар таспен (бриллиант) көмкерілген алтын жүзіктер болған.
Бұл жомарттық кешке келген танымал блогерлер мен достардың қуанышын еселегенімен, қарапайым халық арасында түсінбеушілік тудырды.
«Батпан құйрық» кімнің есебінен?
Желі қолданушыларының басым бөлігі бұл әрекетті шектен шыққан ысырапшылдыққа және мақтаншақтыққа балады.
Көпшілік мұндай қымбат сыйлықтар жасау үшін қыруар қаражаттың қайдан келіп жатқанына күмәнмен қарап отыр. Пікір қалдырушылар қарапайым кәсіпкерлер тиын санап, салықтан көз ашпай жүргенде, блогерлердің шалқып өмір сүруі әділетсіздік деп есептейді.
Халық тексеріс талап етті
Бұл оқиға қоғамдағы "блогерлер және салық" мәселесін қайта көтерді. Наразы топ құзырлы органдардан интернет жұлдыздарының табыс көзін тексеруді сұрап отыр.
«Осыншама адамға гауһар тарату үшін қанша ақша керек? Қарапайым бизнесті түрткілегенше, осыларды неге тексермейді? Не деген батпан құйрық, қайдан келген ақша?» — деп жазды ашынған оқырмандар.
Айта кетейік, соңғы уақытта Қазақстанда блогерлердің жарнамалық табыстарын салықтық бақылауға алу мәселесі жиі көтеріліп жүр. Бұл оқиға сол талқылауларға тағы да май құйғандай болды.
@bota_miaaa♬ оригинальный звук - bota_miа




