Қазақстан әуежайларында дүкен немесе дәмхана ашу енді әлдеқайда жеңілдейді. Көлік министрлігі әуежай аумағындағы орындарды жалға беру тәртібін жаңартты, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
Жаңа ережеге сәйкес, сауда-саттық, қоғамдық тамақтану және жүкті буып-түю сияқты қызметтер үшін алаңды конкурстық негізде емес, тікелей келісімшарт арқылы алуға мүмкіндік туды.
Алайда мұндай жеңілдікке ілігу үшін компания бірнеше талапқа сай болуы керек. Олар: соңғы үш жылдың кемінде екі жылында шығынсыз жұмыс істеген, жеткілікті техникасы мен ресурсы бар, кемінде 5 жыл тәжірибесі бар 3 маманы бар, тәулік бойы жұмыс істей алатын және Қазақстан әуежайларында жұмыс тәжірибесі бар немесе Астана, Алматы, Шымкент қалаларындағы ірі сауда-ойын-сауық орталықтарының операторы болуы шарт.
Егер үміткер осы талаптардың біріне сәйкес келмесе, онда жалға беру алаңы бұрынғыдай жалпы конкурс арқылы ойнатылады. Сонымен қатар ведомство конкурс талаптарын да нақтылады: енді қаржылық шарттар, инвестициялық міндеттемелер, өтінім беру мерзімі (15 күн) және бас тарту себептерінің нақты тізімі бекітілді.
Тікелей келісімшарт мерзімі де ұзартылды. Бастапқы келісім 10 жылға дейін жасалса, оны әрқайсысы 5 жылдан аспайтын уақытқа тағы екі рет ұзартуға болады. Яғни, жалпы мерзім 20 жылға дейін жетуі мүмкін.




