Астанада Президенттік арнаулы әдеби сыйлық пен «Айбоз – 2025» ұлттық әдеби сыйлығының лауреаттарын марапаттау рәсімі өтті. Салтанатты шарада Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қаламгерлер қауымының алдында сөз сөйледі, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
Үкімет басшысының орынбасары жеңімпаздарды құттықтап, олардың ұлттық әдебиетті дамытуға қосқан үлесін ерекше атап өтті. Ол қоғамдық сананы жаңғырту кезеңінде қаламгерлердің рөлі айрықша екеніне тоқталды. Сонымен қатар министр Мемлекет басшысының тапсырмасымен елде ақын-жазушыларды қолдауға бағытталған жүйелі мемлекеттік саясат жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Аида Балаева өз сөзінде елімізде жүріп жатқан конституциялық реформалар тақырыбына арнайы тоқталып, оның тек құқықтық өзгеріс қана емес екенін баса айтты.
"Мемлекетімізде жүріп жатқан конституциялық реформалар – тек құқықтық өзгерістер ғана емес, елдің болашағын айқындайтын, қоғамдық сананы жаңғыртатын түбегейлі бетбұрыс. Осындай сындарлы кезеңде қоғамның рухани бағдарын айқындау, елді ортақ мұраттарға ұйыстыру – айрықша маңызды", – деді Аида Балаева.
Министрдің айтуынша, бұл реформалар құқықтық кеңістікті жаңартумен қатар, елдің рухани негізін нығайтуға, ұлттық құндылықтарды заманауи талаптармен үйлестіруге бағытталған. Ол тарихи мұраны сақтау мен төл мәдениетті қолдау ұстанымы алғаш рет Конституция жобасында нақты көрініс тапқанын атап өтті.
"Жаңа Конституцияда білім мен ғылымға, мәдениет пен инновациялық дамуға айрықша басымдық берілуі – мемлекетіміздің стратегиялық ұстанымын айқын көрсетеді. Бұл таңдау елдің басты капиталы – адам әлеуетін дамытуға бағытталған. Бұл жауапкершілігі зор миссияда қаламгер қауымының рөлі ерекше. Себебі әдебиет – қоғам айнасы, ұлттың жан әлемі", – деді Үкімет басшысының орынбасары.
Биыл Президенттік арнаулы әдеби сыйлыққа «Проза», «Поэзия», «Драматургия» және «Балалар әдебиеті» номинациялары бойынша 49 жас автордан өтінім келіп түскен. Мемлекет басшысының Жарлығымен «Проза» номинациясы бойынша Арман Әлменбет («Тергеуші»), «Поэзия» бойынша Саян Есжан («Құмдағы хикая»), «Драматургия» бойынша Бауыржан Мұстафиев («Ақ киіз») және «Балалар әдебиеті» бойынша Асылан Тілегенов («Жазда атамның ауылында…») марапатталды.
Ал «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығына 2025 жылы жеті номинация бойынша 180 өтінім қабылданған. Байқау қорытындысы бойынша әр номинациядан бір-бір жеңімпаз анықталды.
Фото: Әлеуметтік желіден




