Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында болған жол апатында қаза тапқан жолаушының анасы, яғни үшінші жәбірленуші де сотталушыға қатысты шағымынан бас тартты. Ол сотталушыға бас бостандығынан айырудан басқа жаза тағайындауды сұрады, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.

Қаза тапқан жолаушының анасы 21 наурыз күні таңғы сағат 9-да қызының қазасы туралы естіген. Содан кейін ол мәйітханаға мәйітті тануға барған. Оның айтуынша, қазір сотталушыға ешқандай талабы жоқ. Бәрінің заңға сәйкес болуын сұрап, соттың кез келген шешімімен келісетінін жеткізді.

Сондай-ақ сотталушының адвокаты сотқа жәбірленушінің арызын ұсынды.

Онда ол айыпталушыға қатысты моральдық және материалдық талаптарының жоқ екенін, татуласу ерікті түрде жасалғанын көрсеткен. Ол соттан бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындауды сұраған.

"Мен оны кешіремін және оған ешқандай талабым жоқ, болашақта да болмайды. Сот қалай шешсе, солай болады", – деді қаза тапқан қыздың анасы сот отырысында.

Сонымен қатар сотқа жол апатында қаза тапқан басқа да жәбірленуші отбасылардың ұқсас өтініштері ұсынылды.

Сотта жол апатының алдында дәмханада достарымен бірге отырған, сондай-ақ сотталушымен бірге болған куәгерден жауап алынды. Ол Zeekr көлігінің жүргізушісінің адал, шыншыл, әділ адам екенін айтып, оның тарапынан ешқандай заңға қайшы әрекеттер байқамағанын жеткізді.

Сотта сөз сөйлеген тағы бір қыз бұл дәмханаға келгенін, бірақ ондағы адамдарды танымағандықтан және олардың әңгімелері ұнамағандықтан, тез кетіп қалғанын айтты. Оның сөзінше, олар "басқа адамдар мен қыздар туралы сыртынан жағымсыз әңгімелер айтқан.

Судьяның "сотталушының ол кезде ішімдік ішкенін көрдіңіз бе?" деген сұрағына ол иә деп жауап берді.

21 наурыз күні Алматыдағы Әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында жантүршігерлік жол апаты болды. Салдарынан үш адам қаза тапты.

Zeekr маркалы автокөліктің жүргізушісі батыс бағытта келе жатып қарсы жолаққа шығып, жолдағы қарсы бағыттағы Mercedes көлігімен соқтығысқан. Апат салдарынан 29 жастағы Mercedes жүргізушісі мен 20 және 23 жастағы екі жолаушы оқиға орнында көз жұмды. Zeekr көлігінің жүргізушісі әртүрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді.