Todayinfo.kz
AlmatyView all articles

Алматыда экономика 11,4%-ға өсті – Дархан Сатыбалды

Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды елордадағы Орталық коммуникациялар қызметінде брифинг өткізіп, мегаполистің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде есеп берді. Сондай-ақ журналистердің сұрақтарына жауап берді, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі. Әкімнің айтуынша,

By Айғаным Нариманова··3 min read
Алматыда экономика 11,4%-ға өсті – Дархан Сатыбалды

Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды елордадағы Орталық коммуникациялар қызметінде брифинг өткізіп, мегаполистің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде есеп берді. Сондай-ақ журналистердің сұрақтарына жауап берді, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.

Әкімнің айтуынша, қызметке кіріскеніне жарты жылға жуық уақыт ішінде қалада қордаланған мәселелер сараланып, алдағы жылдарға арналған негізгі басымдықтар айқындалған. Мемлекет басшысының тапсырмалары негізінде Алматының 2030 жылға дейінгі жаңа даму жоспары әзірленген.

Қаланың басты мақсаты – Алматыны тұрғындар үшін жайлы әрі қауіпсіз мегаполис ретінде дамыту. Бұл бағытта экономиканың тұрақты өсуіне ерекше мән беріліп отыр. 2025 жылдың қаңтар-қараша айларында қысқа мерзімді экономикалық индикатор 11,4%-ды құрады. Экономикалық өсімге құрылыс, көлік және өңдеу өнеркәсібі негізгі серпін берген.

11 айда негізгі капиталға 1,9 трлн теңге инвестиция тартылып, бұл өткен жылмен салыстырғанда 19%-ға артқан. Құны шамамен 500 млрд теңгені құрайтын 12 ірі инвестициялық жоба іске қосылған. Олардың қатарында автокөлік шығаратын мультибрендтік зауыттар, қайта өңдеу және өндірістік кәсіпорындар бар. Жыл қорытындысы бойынша өңірлік жалпы өнімнің өсімі 6,4% деңгейінде болады деп күтілуде.

Экономикалық өсім бюджет кірісінің артуымен қатар жүріп отыр. 11 айда жергілікті бюджетке 1 трлн 970 млрд теңге түскен, бұл былтырғыдан 19,4%-ға көп. Биыл қалада 92 мың жұмыс орны ашылып, оның 87%-ы тұрақты жұмыс орындарына тиесілі. Орташа айлық жалақы 539 мың теңгеге жетіп, республикалық көрсеткіштен 29%-ға жоғары болды.

Шағын және орта бизнес қала экономикасының негізгі драйвері ретінде қалып отыр. Бұл сала жалпы өңірлік өнімнің 60%-ын құрайды және жұмыс істейтін тұрғындардың 90%-ын қамтиды. Белсенді ШОБ субъектілерінің саны 387 мыңға жетіп, өнім көлемі 21%-ға артқан. 2025 жылы бұл бағытты қолдауға бюджеттен 50 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген.

Алматының туристік әлеуеті де артып келеді. CNN Travel нұсқасы бойынша қала 2025 жылы әлемдегі үздік 25 туристік бағыттың қатарына енген. 9 айда мегаполиске 1,9 млн турист келген, оның 563 мыңы – шетелдіктер. Туристік қызметтер көлемі 82,4 млрд теңгеге жетіп, 17,4%-ға өскен.

Инфрақұрылымды дамыту аясында 11 көшеде 49 км абаттандыру жұмыстары аяқталған. Көше жарығын жаңғырту мақсатында 32 мыңнан астам жарық шамы орнатылуда. Сонымен қатар, 330 км су құбыры салынып, жылу, электр және газ желілері жаңартылды.

Көлік инфрақұрылымында да бірқатар жобалар жүзеге асырылды. Биыл 35 км жаңа жол салынды, 281 км жол жөндеуден өтті. Қоғамдық көлік паркі 940 газбен жүретін автобус және 153 электробуспен толықты. Нәтижесінде жолаушылар ағымы 33%-ға өсіп, күніне 1,6 млн транзакцияға жеткен.

Білім беру саласында 37 мың оқушыға арналған 22 нысан салынса, денсаулық сақтау саласына бөлінген қаржы 25%-ға артты. 4 алғашқы медициналық көмек орталығы мен 1 емхана пайдалануға берілді. Жедел жәрдем паркі 50 жаңа көлікпен жаңартылды.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде 11 айда ана өлімі 48,2%-ға, сәби өлімі 5,4%-ға, ал қатерлі ісіктен болатын өлім-жітім 16%-ға азайған.

Related

Алматыда экономика 11,4%-ға өсті – Дархан Сатыбалды · Todayinfo