Алматыдағы Астана алаңында Наурыз мейрамына арналған басты шара дәстүр мен технологияны ұштастырды. Мерекелік концертпен қатар, қала тұрғындары мен қонақтарына болашақ технологияларымен жабдықталған ерекше киіз үйлер ұсынылды, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
Салтанатты шараға қала әкімі Дархан Сатыбалды да қатысып, алматылықтарды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады. Ол Наурыздың жаңару, бірлік және ұрпақтар сабақтастығының символы екенін атап өтті.
"Жер жүзі жадырап, табиғат жаңғырып, күн мен түн теңесетін осынау мерекелі күні алыстағы ағайын жақындап, жақындағысы табысады. Ниеті түзу, пейілі кең халқымыз әрбір жаңа күнді айрықша ықыласпен қарсы алған", - деді Дархан Сатыбалды.
Сондай-ақ қала басшысы «Наурызнама» онкүндігі аясында ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, мәдениет пен дәстүрді жаңғыртуға баса мән беріліп жатқанын жеткізді.
"Ел экономикасының драйвері, аспан таулар бауырындағы алып шаһарымыз – Алматы қаласы да өсіп-өркендеп, көркейіп келеді. Біздің ең басты мақсатымыз – тұрғындар мен қонақтар үшін ыңғайлы, жарқын әрі өмір сүруге қолайлы қоғамдық орта қалыптастыру", – деді әкім.
Мерекелік шараның ерекшелігі – алаңға тігілген алты тақырыптық киіз үй болды. Әрқайсысы тарихи мұрадан бастап, заманауи технологияларға дейінгі бағыттарды қамтыды.
Бір киіз үйде Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінің жәдігерлері қойылса, екіншісі толықтай инновацияға арналды. Мұнда роботтар, дрондар, оқушылардың ғылыми жобалары және жасанды интеллектке негізделген әзірлемелер көрсетілді. Келесі киіз үйлерде «Алтын адам» реконструкциясы, этнодизайн үлгілері және XIX-XX ғасырлардағы қазақ тұрмысының көріністері ұсынылды.
Концерттік бағдарламада танымал қазақстандық әртістер өнер көрсетіп, ұлттық нақыштағы театрландырылған қойылымдар көпшілікке көктемгі көңіл-күй сыйлады. Алматыда ауқымды мерекелік іс-шаралар 23 наурызға дейін жалғасады.
Фото: Әлеуметтік желіден




