Алматыда бірнеше күннен бері іздестіріліп жатқан 25 жастағы Ерзат Шалқарұлы Егізбай өлі күйінде табылды. Қаралы хабарды еріктілер тобы растады.
«Марқұмның отбасы мен туған-туыстарына қайғырып көңіл айтамыз. Бұл ауыр қазаға сабыр мен төзім тілейміз. Іздеу жұмыстары өкінішке қарай қайғылы аяқталды», – деп хабарлады еріктілер.
Еске салайық, жас жігіттің жоғалғаны туралы полицияға 19 мамыр күні ағасы Азамат Егізбай хабарлаған болатын. Оның айтуынша, Ерзат сол күні шамамен сағат 14:30 шамасында Райымбек даңғылы бойындағы құрылыс нысанынан шығып кеткеннен кейін байланысқа шықпаған.
Жақындарының мәліметінше, оның телефоны соңғы рет Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданындағы Есік маңындағы саяжай аумағынан анықталған.
Туыстары Ерзаттың бұрын-соңды ескертусіз жоғалып кетпегенін айтты. Сондай-ақ, оның арнайы есепте тұрмағаны және қылмыстық жауапкершілікке тартылмағаны белгілі болды.




