Алматының қоғамдық көлігінде Onay-мен қатар Avtobys электронды төлем жүйесі де қатар жұмыс істейтін болды. Қалалық басқарма операторды ауыстыру мәселесі қарастырылмайтынын ресми түрде мәлімдеді, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
Бұған дейін, 7 ақпанда Avtobys цифрлық төлем жүйесін кезең-кезеңімен енгізу туралы белгілі болған еді. Бастапқыда оны жекелеген бағыттарға, кейін бүкіл қоғамдық көлік желісіне қосу жоспарланған.
Алайда бұл жаңалыққа Автобус тасымалдаушылар қауымдастығы қарсы шығып, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне шағым түсірген болатын.
Жолаушылар көлігі басқармасы мегаполисте екі жүйенің де қатар жұмыс істейтінін растады.
"Жолаушыларға қолайлы жағдай жасау үшін түрлі отандық операторлардың шарттарын қарастырдық. Нәтижесінде Алматыға екінші оператор – Avtobys-ты енгізу туралы шешім қабылдадық. Бұл жүйе қоғамдық көлікте жол ақысын төлеудің бірнеше тәсілін ұсынады. Қазір автобустарды екінші оператордың жабдықтарымен кезең-кезеңімен жарақтандыру жұмыстары басталды", - делінген хабарламада.
Avtobys компаниясы қазірдің өзінде қала бойынша стандартты көлік карталарын сататын өз желісін құрып жатыр.
Фото: Әлеуметтік желіден




