Алматыда жүкті әйел мен оның дүниеге келмеген сәбиінің жұмбақ өліміне қатысты тергеу жүргізіліп жатыр. Марқұмның жұбайы 32 жастағы Анна Ефименкоға кесарь тілігі жасалғанын айтты. Алайда шала туған нәресте өлі күйінде дүниеге келген. Ал келесі күні қалалық перинаталдық орталықта әйелдің өзі де көз жұмған, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.

Алексей Ефименконың айтуынша, 4 мамырдан 5 мамырға қараған түні 32 жастағы жұбайы өзін жайсыз сезініп, қатты ауырып, есінен тана бастаған. Осыдан кейін ер адам дереу жедел жәрдем шақырған.

Алдымен әйелді перзентханаға жеткізген. Тексеруден кейін оны перинаталдық орталыққа ауыстырған. Жүктіліктің сегізінші айында Аннаға кесарь тілігі жасалған. Алайда сәби өлі күйінде дүниеге келген.

Алексей Ефименконың айтуынша, күндіз сағат бірге таман оларға медбике келіп "Балаға қандай есім қояр едіңіздер?" деген сұраған. Осы сәтте отбасы нәрестені аман қалмағанын түсінген.

"Мәселенің неде екенін ешкім түсіндірмеді. Тек кешкі сағат алты шамасында дәрігерлер шығып, операцияның аяқталғанын және әйелімнің жансақтау бөліміне ауыстырылғанын айтты. Ол өмірді қамтамасыз ететін аппараттарға қосылған, өкпесі толықтай жасанды желдету аппараты арқылы жұмыс істеп тұрған еді. Сондай-ақ оның жүрегі екі немесе үш рет тоқтап қалғанын, дәрігерлер жүрек жұмысын қайта іске қосуға және қан кетуді тоқтатуға тырысқанын жеткізді", – дейді Алексей Ефименко.

Науқастың жағдайы одан әрі нашарлап, 7 мамыр күні дәрігерлер Алексейге әйелінің қайтыс болғанын айтқан. Алдын ала мәліметтер бойынша, Аннаның миына қан құйылған. Осылайша Алексей Ефименко жұбайынан айырылды, ал екі бала анасыз қалды. Ерлі-зайыптының кенже қызы небәрі екі жаста.

"Дәрігерлер әйелінен оқиғаның қалай болғанын сұраған кезде, ол түнде баласын ұйықтатып қойғанын, кейін дәретханаға бару үшін оянғанын айтқан. Жүріп бара жатып бірнеше рет есінен танған. “Көзім жұмылып кетеді, құлап қаламын, қайта тұрамын, бәрі үзік-үзік болды” деп түсіндірді”, – дейді марқұмның жұбайы.

Сот-медициналық сараптаманың алдын ала анықтамасында Аннаның миына қан құйылғаны және бас-ми жарақаты болғаны көрсетілген.

Ерлі-зайыптылар 15 жыл бірге өмір сүрген. Туыстарының айтуынша, Анна Ефименко үлкен отбасы құруды армандаған. Ол маникюр шебері болып жұмыс істеген және кондитерлік өнерге әуес болған.

"Қазір бізді ең алдымен уақытқа, қойылған диагнозға және мұның не себепті болғанына қатысты сұрақтар мазалайды. Дәрігерлердің қандай әрекеттер жасағаны жөнінде толық ақпарат берілгенін қалаймыз", – дейді марқұмның әпкесі Алена Градович.

Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы алдын ала диагноз анықталғанын, алайда оны жариялай алмайтынын мәлімдеген.

“Дәрігерлер барлық қажетті реанимациялық және хирургиялық шараларды жүргізгенімен, жүкті әйел мен оның сәбиін аман алып қалу мүмкін болмаған”, – деп хабарлады ведомство.

Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Лайла Имангалиева әлеуметтік желілерде медицина қызметкерлеріне бағытталған айыптаулар айтылып жатқанын атап өтті.

"Қазір мұндай айыптаулар жасауға әлі ерте. Барлық қажетті тексеру шаралары аяқталмайынша, қандай да бір қорытындыны объективті деп санауға болмайды", – деді ол.

Әзірге сврқұмның бас-ми жарақатын қалай алғаны белгісіз. Анна Ефименконың нақты неден қайтыс болғаны сот-медициналық сараптама қорытындысы шыққаннан кейін белгілі болады.