Вашингтондағы Ақ үй маңында атыс болды. АҚШ Құпия қызметінің мәліметінше, белгісіз ер адам түнгі уақытта сөмкесінен қару шығарып, оқ атқан. Оқиға кезінде қауіпсіздік қызметінің өкілдері оған қарсы оқ жаудырып, күдіктіні оқиға орнында залалсыздандырған, деп хабарлайды Todayinfo BBC- ге сілтеме жасап.

Атыс барысында кездейсоқ өтіп бара жатқан адам жарақат алғаны хабарланды. Оның жағдайы туралы әзірге нақты ақпарат берілген жоқ.

Америкалық БАҚ күдіктінің 21 жастағы Насир Бест екенін жазды. Мәліметтерге сәйкес, ол бұған дейін де Құпия қызметтің назарында болған.

CNN және ABC телеарналарының журналистері Ақ үй маңынан ондаған рет оқ атылғанын естігендерін айтты. ABC арнасының тілшісі Селина Ван әлеуметтік желіде оқиға кезінде журналистерге қауіпсіз жерге жасырыну туралы бұйрық берілгенін жазды.

Қазіргі уақытта АҚШ құқық қорғау органдары оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.