Ақмола облысы еліміздің жетекші спорт өңірлерінің бірі ретіндегі мәртебесін жылдан-жылға нығайтып келеді. Бүгінде өңір ірі республикалық жарыстарды қабылдап қана қоймай, бұқаралық спортты дамытуға бағытталған заманауи инфрақұрылымды жүйелі түрде қалыптастыруда. Соның жарқын дәлелі ретінде Көкшетауда бір күнде екі маңызды оқиға өтті: жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік қызметшілері арасындағы республикалық спартакиаданың салтанатты ашылуы және «Жаңа жағалау» аумағындағы жаңа скейт-парктің пайдалануға берілуі. Бұл – өңірдегі спорт саласының қарқынды дамуының айқын көрінісі.
Биыл алғаш рет жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік қызметшілері арасындағы республикалық спартакиаданы өткізу құрметі Ақмола облысына бұйырды. Бұл таңдау кездейсоқ емес. Соңғы жылдары өңірдің спорттық инфрақұрылымы айтарлықтай нығайып, бүгінде республикалық әрі халықаралық деңгейдегі жарыстарды жоғары деңгейде өткізуге толық мүмкіндік беріп отыр.
Қазіргі таңда облыста 343 мыңнан астам адам тұрақты түрде дене шынықтырумен және спортпен айналысады. Бұл үшін өңірде 1 200-ге жуық спорт нысаны жұмыс істейді. Соңғы үш жыл ішінде 50-ден астам жаңа спорт нысаны – дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, спорт мектептері, бассейндер, әмбебап спорт алаңдары және өзге де инфрақұрылым пайдалануға берілді. Сонымен қатар бүгінде тағы 30-ға жуық спорт нысанының құрылысы жалғасуда. Бұл жұмыстар спорттың тек қалаларда ғана емес, ауылдық елді мекендерде де қолжетімді болуына жол ашуда.
Ақмола облысы бұған дейін де ауқымды халықаралық және республикалық жарыстарды табысты өткізіп келеді. Биыл өңірде зияткерлік даму ерекшелігі бар спортшылар арасында шаңғы жарысынан Virtus әлем чемпионаты, халықаралық BURABAY ICE мұз жүгіру жарысы және басқа да ірі спорттық іс-шаралар ұйымдастырылды. Ал республикалық спартакиаданың өткізілуі өңірдің еліміздегі маңызды спорт алаңдарының біріне айналғанын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Спартакиаданың салтанатты ашылу рәсімі Kokshe Arena көпфункционалды спорт кешенінде өтті. Елдің барлық өңірінен келген мемлекеттік қызметшілер бір апта бойы спорттың он түрі бойынша бақ сынайды. Олар футзал, волейбол, 3×3 баскетбол, жүзу, үстел теннисі, үлкен теннис, шахмат, тоғызқұмалақ, қазақ күресі және киберспорт бойынша жеңімпаздарды анықтайды.
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов бұл шараның өңір үшін ерекше маңызға ие екенін атап өтті.
«Ақмола облысы үшін мемлекеттік қызметшілер арасындағы республикалық спартакиаданы алғаш рет қабылдау – үлкен мәртебе. Бұл – өңіріміз үшін тарихи оқиға әрі спорт инфрақұрылымын дамыту бағытында атқарылған жұмыстың нәтижесіне берілген жоғары баға. Соңғы жылдары біз 50-ден астам спорт нысанын салдық және спортпен шұғылдануға, сондай-ақ халықаралық деңгейдегі жарыстарды өткізуге қолайлы жағдай жасауды жалғастырып келеміз», – деді өңір басшысы.
Өңірдегі спортты дамыту тек кәсіби ареналармен шектелмейді. Бүгінде Көкшетау қаласының жаңа келбетін айқындап тұрған «Жаңа жағалау» қоғамдық кеңістігі де тұрғындар мен қала қонақтарының сүйікті демалыс және спорт орнына айналуда.
Жағалауды абаттандырудың кезекті кезеңі аясында мұнда заманауи скейт-парк ашылды. Жаңа алаң скейтбордингпен, BMX велосипед спортымен, самокат және ролик спортымен айналысуға арналған. Ашылу күні мұнда Street Ride Contest жарысы ұйымдастырылып, кәсіби райдерлер көпшілікке әсерлі көрсетілімдерін ұсынды.
«Осындай алаңдардың ашылуы – көше спортын дамытудағы маңызды қадам. Заманауи скейт-парк спортшылардың сапалы жаттығу жасауына ғана емес, түрлі деңгейдегі жарыстарды өткізуге де мүмкіндік береді. Қалаларда осындай кеңістіктер көбейген сайын жастардың спортқа қызығушылығы арта түседі», – деді жарысқа қатысушылардың бірі.
Спорттық мереке JANA JAGALAU FEST жастар фестивалімен жалғасты. Фестиваль Көкшетау қаласының жүздеген тұрғыны мен қонағын бір алаңға жинады. Кеш барысында танымал қазақстандық әншілер BAKR мен BayanSulu өнер көрсетсе, музыкалық бағдарламаны DJ BAUR жалғастырды. Сонымен қатар жағалау аумағында интерактивті алаңдар, фотозоналар мен белсенді демалыс аймақтары жұмыс істеді.
Осылайша, Ақмола облысы спортты дамытуға кешенді көзқарас қалыптастырып отыр. Заманауи спорт кешендері өңірге еліміздегі ең ірі жарыстарды қабылдауға мүмкіндік берсе, жаңа қоғамдық кеңістіктер тұрғындардың күнделікті өміріне спортты жақындата түсуде. Дәл осындай жүйелі жұмыстардың нәтижесінде Ақмола облысы Қазақстанның маңызды спорт орталықтарының біріне айналып келеді.




