Todayinfo.kz
NewsView all articles

Ақпаннан бастап бәрі басқаша: Қазақстан азаматтығын алу үшін тест тапсыру керек

Қазақстанда 1 ақпаннан бастап бірнеше маңызды жаңалық күшіне енді. Енді азаматтық алу үшін тест тапсыру міндеттелді, сыра таңбаланады.

By Мұхтар Жексенбай··2 min read
Ақпаннан бастап бәрі басқаша: Қазақстан азаматтығын алу үшін тест тапсыру керек

Ақпан айынан бастап Қазақстанда азаматтардың өміріне әсер ететін бірқатар маңызды өзгеріс күшіне енді. Енді ел азаматтығын алу үдерісі күрделенді, бизнеске қойылатын талаптар күшейтіліп, мектептерде жаппай тексеріс басталды, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.

Премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасымен 1 ақпаннан бастап еліміздегі барлық білім беру ұйымы ерекше бақылауға алынды. Арнайы комиссия балалардың қауіпсіздігін, тамақтану сапасын және сауықтыру шараларының жай-күйін тексереді. Бұл шараға Денсаулық сақтау, Оқу-ағарту, Мәдениет, Еңбек, Туризм министрліктері мен ІІМ мамандары жұмылдырылған.

Өрт қауіпсіздігі саласында да талап күшейді. Енді адамдар көп жиналатын ғимараттар мен биіктігі 28 метрден асатын тұрғын үйлерді пайдалануға беру үшін өрт қауіпсіздігіне сәйкестігі туралы міндетті қорытынды алу қажет. Бұл құжат «Е-лицензиялау» порталы арқылы электронды түрде рәсімделеді.

Сонымен қатар, ақпан айынан бастап Қазақстан азаматтығын алғысы келетін үміткерлер міндетті түрде емтихан тапсырады. Тест үш бөлімнен тұрады: қазақ тілі, Қазақстан тарихы және Конституция негіздері. Жалпы 100 сұрақ беріледі, оның кемінде 50-іне дұрыс жауап беру қажет. Тест тапсыру құны – 14 693 теңге.

Экономика саласында да жаңашылдықтар бар. 2 ақпаннан бастап мемлекеттік сатып алуда қосылған құн салығы (ҚҚС) белгісі бар цифрлық теңгені қолдану бойынша пилоттық жоба іске қосылды. Бұл бастама салықтық әкімшілендіруді ашық етуге және көлеңкелі схемаларды азайтуға бағытталған.

Сондай-ақ 1 ақпаннан бастап бөшкедегі және бөтелкедегі сыра өнімдерін міндетті таңбалау жүйесі енгізілді. Бұл шара нарықтағы контрафактілік өнім үлесін азайтып, тауар айналымын бақылауға мүмкіндік береді. Ал 2027 жылдан бастап қаңылтыр банкадағы сыралар да таңбаланады.

Еуразиялық экономикалық одақ аумағы арқылы өтетін транзиттік жүктерді қадағалау да жаңа жүйеге көшті. Енді жүк көліктеріне навигациялық пломбалар орнатылып, олардың қозғалысы онлайн бақыланады. Бұл рәсімдерге кететін уақытты қысқартып, тасымал қауіпсіздігін арттырады.

Діни күнтізбе бойынша, Рамазан айы 19 ақпан мен 19 наурыз аралығында болады деп жоспарланған. Қасиетті Қадір түні наурыздың 16-сынан 17-сіне қараған түнге сәйкес келеді. Алайда, Исламдағы діни мерекелер жаңа айдың көрінуіне байланысты бір күнге шегерілуі мүмкін.

Спорт саласындағы басты жаңалық – Италияда 6-22 ақпан аралығында өтетін Қысқы Олимпиада ойындары. Қазақстан намысын 36 спортшы қорғайды. Жарыс алдында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік туды спортшылар Денис Никиша, Аяулым Әмренова және Ербол Хамитовқа салтанатты түрде табыстады.

Фото: Әлеуметтік желіден

Related

Ақпаннан бастап бәрі басқаша: Қазақстан азаматтығын алу үшін тест тапсыру керек · Todayinfo