АҚШ-тың ірі қаржы корпорациясы Қазақстанға тау-кен өндірісі мен көлік-транзит саласында бірлескен жаңа жобаларды іске асыруды ұсынды, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев U.S. International Development Finance корпорациясының (DFC) атқарушы директоры Бен Блэкті қабылдады. Ақорданың хабарлауынша, кездесуде инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту және ортақ жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
Президент Тоқаев америкалық корпорацияны Қазақстанның орнықты дамуы үшін маңызды серіктес санайтынын атап өтіп, экономиканың түрлі салаларындағы өзара ықпалдастықты тереңдетуге дайын екенін жеткізді.
"АҚШ президенті Дональд Трамп пен оның әкімшілігі Қазақстанмен тығыз әрі өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға ерекше мән береді", - деп атап өтті Бен Блэк.
DFC басшысының айтуынша, екі ел үшін әлеуеті зор салалар бар. Ол әсіресе аймақтық сауданы дамыту үшін стратегиялық маңызы бар тау-кен өндірісі мен көлік-транзит инфрақұрылымында бірлескен жобаларды бастауға зор мүмкіндік барын айтты.
Фото: Әлеуметтік желіден




