Оманның Сыртқы істер министрі Бадр Әлбусайди The Economist басылымына сұхбат беріп, АҚШ пен Иран арасындағы шиеленістің аймақ үшін аса қауіпті екенін мәлімдеді. Соңғы уақытта екі ел арасындағы негізгі делдал болып жүрген саясаткер Вашингтонды қажетсіз соғыстан бас тартуға шақырды, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
Министрдің айтуынша, соңғы тоғыз айда АҚШ пен Иран екі рет ашық соғыс бастауға шақ қалған. Бұған Иранның ядролық бағдарламасына қатысты өршіген күдік себеп болған. Ол 28 ақпанда Израиль мен АҚШ-тың жасаған соққысы Иран үшін күтпеген жағдай болмағанын, Тегеранның оған толықтай дайын болғанын атап өтті.
"Бұл соғыста жеңімпаз жоқ. АҚШ-ты одақтастары өзіне қажетсіз соғыстан қалай да алып шығуы керек. Мәселенің жалғыз шешімі – дипломатия", - деді Бадр Әлбусайди.
Иранның жауап ретінде америкалық нысандарға соққы беруі Парсы шығанағы елдерінің қауіпсіздігіне тікелей қатер төндірген. Салдарынан аймақтың туризм, авиация және технология салалары елеулі дағдарысқа ұшырап, Ормуз бұғазындағы тұрақсыздық мұнай бағасының шарықтауына әкеп соқты.
Әлбусайди бұл қақтығыстың АҚШ-тың өзі үшін де өте қымбатқа түсіп жатқанын алға тартады. Сондықтан Вашингтон шиеленісті тезірек тоқтатуға мүдделі болуы тиіс, әйтпесе ел ішіндегі қарсылық күшейіп, жағдай ушығуы мүмкін.
Осы тұста Ресейдің де Иранға қолдау білдіргені белгілі болды. Мәскеу Тегеранды Наурыз мерекесімен құттықтап, «Біз сіздермен біргеміз» деп мәлімдеген.
Фото: Әлеуметтік желіден




