Ақтөбе облысындағы «Қазхром ТҰК» АҚ Дөң тау-кен байыту комбинатында жарылыс болып, төрт жұмысшы ауруханаға түсті, деп жазады Todayinfo.kz.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, 28 ақпан күні комбинатта сутегі тарап, салдарынан төрт адам термиялық күйік алған. Қазіргі таңда зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетілуде. Оқиғаға байланысты құқық қорғау органдары қауіпсіздік ережелерін бұзу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.
Жарылыстың нақты себебі анықталуда
Дөң тау-кен байыту комбинаты да бұл ақпаратты растады. Кәсіпорынның мәлімдеуінше, «Болашақ» шахтасының кен өндіру блогында бұрғылау жұмыстары кезінде ауа кеңістігінің қысқа мерзімді тұтануы орын алған.
«Салдарынан төрт қызметкер күйік алып, ауруханаға жеткізілді. Барлық қажетті медициналық көмек көрсетілуде. Инциденттің себептері анықталғанға дейін шахтадағы кен өндіру жұмыстары уақытша тоқтатылды», – делінген комбинаттың ресми хабарламасында.
Қазіргі таңда арнайы комиссия жарылыстың нақты себептерін анықтауға кірісті. Тергеу нәтижелері бойынша тиісті шаралар қабылданатын болады.




