Оңтүстік Африка Республикасында полиция мен жабайы табиғат мамандары су тасқыны кезінде жоғалып кеткен кәсіпкерді жеп қойды делінген алып қолтырауынды судан шығару операциясын өткізді, деп хабарлайды Todayinfo агенттігі Fox News- ке сілтеме жасап.

Оқиға қалай болған

Өткен айдың соңында Гаутенг провинциясының 59 жастағы тұрғыны, кәсіпкер Габриэль Батиста жоғалып кеткен болатын. Оның Ford Ranger көлігі Комати өзенінің жағасындағы өткелде суға кеткені белгілі болды. Көп ұзамай іздестіру тобы оқиға орнынан небәрі 150 метр жерде қимылсыз жатқан алып рептилияны байқаған.

Әуеден жүргізілген операция

Полиция капитаны Йохан Потгитердің айтуынша, қолтырауын қоректенгеннен кейін ерекше енжарлық танытып, бір орында ұзақ жатқан. Билік өкілдері арнайы рұқсат алып, рептилияны ұйықтататын оқпен атып, тікұшақ көмегімен судан шығарып алды. Әлеуметтік желілерде тараған кадрларда маманның тікұшаққа арқанмен асылып тұрып, қауіпті жағдайда қолтырауынды байлап жатқаны көрінеді.

Сұмдық айғақтар

Жергілікті құқық қорғау органдары мен SABC News хабарлағандай, қолтырауынның ішін тексеру барысында адам сүйектері мен алты жұп аяқ киім табылған.

«Тәжірибемізден білеміз, крокодилдер тойып тамақтанған соң ас қорыту жүйесі жұмыс істеуі үшін күннің астында қозғалыссыз жатады», — дейді капитан Потгитер.

Қазіргі уақытта табылған қалдықтардың Габриэль Батистаға тиесілі екенін анықтау үшін ДНК сараптамасы тағайындалды. Ал қолтырауын ішінен табылған өзге аяқ киімдердің басқа да жоғалған тұрғындарға қатысы бар-жоғы тергеліп жатыр.